Теңбіл доптан турнир өтті
Сарыкөл ауданының «Батыр» стадионында ұшқыш жерлесіміз Марат Едігеевті еске алуға арналған шағын футболдан аймақтық ашық турнир өтті.Бұл жарысқа бас-аяғы 15 команда қатысты. Олардың арасында жерлестерімізбен қатар, Қарасу мен Алтынсарин аудандарынан арнайы келген спортшылар да болды.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабеков пен Сарыкөл кентінің әкімі Сейтбек Қаппасов және спорт бөлімінің басшысы Серік Мусин сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Содан соң көптен күткен ойын да басталып кетті. Командалар тартысты өнер көрсетті. Қызықты сәттер де аз болған жоқ. Бәрі де жеңіс үшін барын салды.
Нәтижесінде, 2000 жылы туғандар мен одан кішілер арасында Сарыкөл БЖСМ командасы жеңімпаз атанды, екінші орынды Тәгіл орта мектебі еншілесе, ал Алтынсарин ауданы үштіктен көрінді. Ал, ересектер бойынша бірінші орынды Тәгіл ауылдық округі, екінші орынды Сарыкөл кенті, үшінші орынды алтынсариндіктер өзара бөлісті. Айтпақшы, турнирдің «Үздік ойыншысы» деген атаққа Диас Молжігітов пен Сергей Мочалкин ие болды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.