Естен кетпес бір бейне

Өмірзақ ИХТИЛЯПОВ,Науырзым ауданының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, Ресей халық ассамблеясы Алтын медалінің иегері
Мәлік Шаяхметов халық аузына ерте ілігіп, жап-жас күнінен өмірден өз орнын ойып тұрып алған азамат еді. Кеңес Одағы ыдырап,  бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыс­тар үзіліп, өндіріс ошақтары тоқтап, әлеуметтік сала қожырап, халық тығырыққа тірелген кезде көптеген азаматтар не істерін білмей абдырады. Ал Мәлік болса, өзінің еңбек етіп жүрген саласы – автобус паркін, такси паркін, троллейбус паркін жекешелендіріп, қала жұртшылығына қызмет етуді жаңаша құрып, заман ағымына, нарықтық экономика талаптарына бірден ілесті.
Бұрын атын ғана естіген азаматым еді.  1982 жылы біздің «Шолақсай» кеңшарына Петр Шварц деген неміс жігіті директор болып та­­ға­йын­далды. Мен ол кезде осы совхозда бас бухгалтер болып істейтінмін.Безимени-1
Көктемгі егіс, егін орағы кезінде талай мәселелер туындап жатады, уақыт ырғағы сол түйткілдерді дереу шешуді талап етеді. Сондай сәтте директор Қостанайдағы қолы ұзын досы Мәлікке жүгінетін. Мамандары таңертең барып, кешке мәселені тап-тұйнақтай шешіп, елге оралатын.
Мұның да өзіндік сыры бар екен. Біздің Петр мен қаладағы Мәлік бала күннен бірге өскен, бірге жүріп, есейген, бірге елге танылған, бір-бірімен айырылмас достар болып шықты. Қостанайдың іргесіндегі Карл Маркс шаруашылығында қанаттары қатайған азаматтар бір-біріне сүйеу, қолдау көрсетіп жүреді екен.
Біздің директор үнемі:
– Малик Байекенович, мой всесильный земляк, – деп мақтан ететін.
Ал Мәлікпен танысып, біліскенім 2004 жыл еді. Совхоздың бас агрономы Айдарбек Жомартовтың қызы тұрмысқа шығатын болып, бүкіл ел болып құдаларды күттік.
Ауылда құдалық деген ерекше той. Құда түсетін үйге үлкен-кіші толық жиналады. Хабар маған да жетті, қыз ұзататын үйге қайырлы болсын айтып, құдалармен танысып, бір-бірімізді көптен білетін жандардай қауқылдастық. Бес құданың ішінде төрде қасқиып отырған осы Мәлік Шаяхметов екен. Ол бас құда ретінде қасындағы азаматтарды таныстырды. Сөзі жатық, әзіл-қалжыңға шебер, жүзі жылы екен. Темірболат Оспанов деген жолдасының баласы біздің «Шолақсайға» күйеу бала болды.
Өзара әңгімеде Петр Шварц туралы да айтылды. Мәліктің осында тұрған Мүкәрам деген апасы мен Мағамбет деген жездесін біз де жақсы білетін едік. Мәлік мені де сыртымнан  жақсы біледі екен, онысын өзіне тән әдемі әзілімен әспеттеп  айтып жатыр.
Не керек, ол бір көргеннен-ақ өзіне тартып, баурап, ұмытылмастай әсер қалдырды. Көргені мен түйгені мол, ақжүрек адал азамат екені көрініп-ақ тұрды.
Түннің бір уағында құдалар демалсын деп, оларды қонақүйге жайғастырдық. Мәлік машинаны өзі айдап келген екен.
– Жігіттер, мені енді түске дейін мазаламаңдар, демалайын, – деп рұқсат сұрады.
Түс әлетінде жігіттер Мәлікті оятуға барса, құдамыз терең ұйқыда екен. Барған кісілер оятуға дауаламапты.
– Апыр-ай, денесі ақ сазандай аппақ екен, төңірегіне ерекше бір шапақ шашып тұрғандай, – деп келді.
Міне, осы күннен бастап, біз Мәлікпен етене жақын араласып, дос болып кеттік. Талай той-жиындарда қатар отырдық, әзіліміз, әңгімеміз жарасты.
Мәкеңнің басына қара бұлт үйірілген қайғылы күндері де қасында болып, қайғыға ортақтасуға тырыстық. Қайтыс болған ұлының басына кесене салғанда да дұға ішінде болып, демедік.
Ол өзінің жұмыс кабинетіне ата-анасының суреттерін әспеттеп іліп қойған екен, олардың тіршіліктегі өмірімен де таныс болдық. Немерелерін де біліп, тілектес болып жүрдік. Мәлік болса, сол бүлдіршіндердің әрбір жетістігіне ерекше қуанатын.
Мәлік арқылы талай атпал азаматтармен таныстым. Солардың бәрі де Мәкеңнің жанынан табылуға құштар-тын. Бизнесі оңға басқан азаматтың қолы да ашық еді, қайырымдылық акцияларға белсене қатысып, әдебиет пен өнер адамдарын қолдауға дайын тұратын. Оның бәрін дабыра қылмай, үн-түнсіз жүзеге асырып жатушы еді, жарықтық.
Мәлік  дүние салды дегенде сенер-сенбесімді де білмедім. Елдің қабырғасы қайысты. Жаназаға мыңдаған адам жиналды.
Адам бұл дүниеде бір-біріне қонақ деген рас екен. Азаматымызды қаншалықты қимасақ та, тағдырдың ісіне шара жоқ. Демеу болары артында ұрпағы бар, орнында бар оңалар деген. Енді сол ұрпағы, аяулы жары – Жұлдызайы аман болсын.
Шаяхметовтер әулеті өсіп, өніп, Мәліктің аруағы қолдап, қорғап жүрсін!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓