Наурыз айы келгенде
Әз: Халық аңызында күн мен түннің дәлме дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар. Осы гуілді наурыздың 22-сіне дейінге үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деген тәмсіл қалдырған. Сол үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде өсімдік әлемінен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады-мыс.
«Марттың 22 күні – Наурыз мейрамы (Жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Бұл мейрам – дін мейрамы емес, ұлт мейрамы. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандығының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. «Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік – шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын, аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін» дегендей жұрттың бәріне үміт, әркім де жылы шырай сезіне бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен Жаңа жылды қарсы алатын. «Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті» – десіп Наурыз күні пейілін кеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп, аңыз қылысатын.
Еңбекші қазақ елі, шығынды тыртаңнан аттарының басын тарта ұстап, тарихи мейрамдардың Наурызды жаңа тұрмысқа лайықты мейрамдап өткізудің жолына түсіңдер. Жаңа жылға жаңа тілек, игі үмітпен шығуымыз керек».
Сәбит ДӨНЕНТАЕВ.