ВОЛЕЙБОЛДЫ ОТЫРЫП ОЙНАДЫ
Мүмкіндігі шектеулі жандарға «кедергісіз қоғам» құру, олардың ортаға бейімделуіне жан-жақты жағдай жасау – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеп отырған ең негізгі мақсаттың бірі. Мемлекет жүргізіп отырған табысты саясаттың жемісі деуге болар, соңғы жылдары «қоғамның қорғансыз тобы» деген қасаң ұғым біртіндеп сейіліп, олар шексіз мүмкіндік иелеріне айналды.
Апта басында Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамы мен тау-кен технология колледжінің студенттері волейбол алаңына шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын ұлықтауға арналған бұл жолдастық кездесудің басқалардан орны бөлек. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандар мен студенттер волейболды әдеттегідей тұрып емес, отырып ойнады. Басты мақсат – паралимпиадалық спорттың осы түрін жастар арасында кеңінен насихаттап, толеранттылықты дамыту дейді ұйымдастырушылар.
-Халық мүгедектерге оң көзімен қарап, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдаса дейміз. Ойынды өткізудегі басты идея да осыған негізделген. Алаңның бір жағында жастар, екінші жағында мүгедектер отырып тең қарсылас ретінде волейбол ойнап жатса керемет емес пе? Біз алдағы уақытта қалалық білім бөлімінің көмегімен осындай кездесулерді мектеп оқушыларымен де ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамының жетекшісі төрағасы Санаш Есжанов.
Волейболды отырып ойнау өте қиын, ол үшін мұқалмас жігер мен қажымас қайрат керек. Бұл спорт түрі соңғы жылдары біздің де елде жақсы дамып, жолға қойылып келеді. Ойынның арнайы бекітілген ережелері бар. Яғни қарсыластың добын қолмен, аяқпен, баспен, кеудемен немесе иықпен қайтаруға болады. Бастысы орныңнан тұрып кетпеу. Қалалық ерікті мүгедектер қоғамының командасы облыстық, республикалық турнирлерге қатысып жүрген тәжірибелі команда. Сондықтан тұңғыш рет волейболды отырып ойнау жастарға оңай соққан жоқ.
Теміржан Аманжолов, Рудный тау-кен технологиялық колледжінің студенті:
-Бүгінгі ойын мен үшін өте әсерлі өтті. Қарсыласымыз мықты екен. Волейболмен 3 жылдан айналысып жүрсем де, отырып ойнайтын түрі мені қатты қызықтырды. Сондықтан осы ойынмен шектелмей, әрі қарай тәжірибемді шыңдасам ба деймін.
Екі сағатқа созылған ойын өте қызықты, әрі тартысты өтті. Жастар алдыңғы толқын ағаларынан қалыс қалмай, жақсы ойын үлгісін көрсетуге тырысып бақты. Алайда бұл жолы олардың ойы жүзеге аспады. Жеңіс 25-17 ұпай есебімен басым түскен мүгедектер қоғамының командасына бұйырды. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ