Асыл тұқымның берері мол немесе генетикалық ресурстарды тиімді басқарудың жолдары қандай?
Жер бетіндегі адам санының күрт өсуі азық-түліктің тапшылығына әкеп соғып жатыр. Әлемнің небір ғалымдары осы түйткілді шешу жолында жұмыстар атқарып жатса, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін (ФАО) бөлім құрылды. Ал бұл шараға біздің еліміздің ғылым саласы өкілдері 2005 жылдан бері үлес қосып келеді.
Мыңдаған жылдар бойы сайын даламыздың төсінде тұнықтан суғарылып, құнарлы жердің шүйгінін қорек еткен төрт түлігіміздің қазаққа әлі талай заман адал азық болары сөзсіз. Дегенмен осы төрт аяқты қазынамызды келешек ұрпаққа сақтап қалу жолдары ғалымдарымызды алаңдатпай отырған жоқ.
Өңірімізде Қазақстандағы генетикалық ресурстарды тиімді басқару мен оны сақтап қалу мәселесі төңірегінде өткен семинардың алғы сөзінде еліміздің Ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті, ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Көпмағамбет Елемесов осылай деді. "Қазақ тұлпары" жылқы зауытының ұйтқы болуымен ұйымдастырылған бұл басқосуға ауыл шаруашылығы саласы бойынша еліміз бен аймағымыздың ғалымдары, азық-түлік қауіп-сіздігіне жауапты мамандар, ғылыми-зерттеу институты мен шаруа қожалығы жетекшілері, әкімдік және малды асылдандыру жөніндегі инспекция өкілдері жиналды.
– Қазір дүниежүзінің бірқатар мемлекеттері ашаршылықты басынан кешіріп отыр. Сол себепті еліміз мал тұқымын сақтап қалып, оны асылдандыру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізе беру қажет, – деді Көпмағамбет Елемесұлы. – Біз Орталық Азия елдерінің ғалымдарымен бірігіп, аталған мәселені жиі талқылаймыз. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Моң-ғолия, Қытай елдері Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өңірлік орталығы болуына ниетті. Жуырда осы ұсыныс қабылданады деп күтіп отырмыз. Бұны айтып отырған себебіміз, бүгінде әлемде күн сайын малдың бір тұқымы жойылып отырады. Алысқа бармайық, кезінде біздің сахарамызда 35-40 миллионға дейін қой болса, қазір 17 миллион, ал ірі қара 10-нан 6 миллионға азайып кетті. Тек қаракөл тұқымды 6,5 миллион (дүниежүзінде алдыңғы орында) Шопан ата тұқымынан 950 мыңы ғана қалған. Соңғы жылдары мал басы қайтадан өсіп келеді. Үкіметіміз ауыл шаруашылығын дамыту саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Жайылым жеткілікті. Жылына 5 миллион тонна сүт өндірсек те, басқа елдерден 1 миллион тоннасын сатып алуға мәжбүрміз. Біздің бар мақсатымыз – осындай тәуелділіктен құтылып, өзімізді ғана емес, бас-қа елдерді де азық-түлікпен қамтамасыз ететін деңгейге жету.
Айтпақшы, еліміздегі әр сиырдан жылына орташа 2250 литр сүт алынады. Ал облысымыздағы К.Маркс атындағы серіктес-тікте бұл көрсеткіш 6 мың литрге жетеді. Осындай мол өнім бере алатын шаруашылықтар саусақпен санарлық. Ғалымдар мұндай теңсіздік малдың селекциясының әлі де дұрыс жолға қойылмау салдарынан дейді.
Ал Қазақстанда малдың тұқымын сақтап қалу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету науқаны қалай жүзеге асырылмақ? Бұл мәселе жөнінде ҚР ФАО ұлттық үйлестірушісі Талғат Қарымсақов баяндады. Айтуынша, ұлттық стратегия 9 бағыт бойынша жасалған. Қамбар атадан өзіміздің жабы, мұғалжар, қостанай, көшім, адай тұқымдарымыз бар. Ал сиырдың ақбас пен әулиекөл төлдері де өсімді қажет етеді. Қазір шет мемлекеттерден, әсіресе, Аустралия, АҚШ, Канададан Зеңгі баба тұқымдарын жеткізу бәсеңде- ді.
Қазіргі таңда қолда бар мал тұқымын жоғалтып алмай, қайта оның тұқымын жақсартып, сол асылдандыру саласына зор көңіл бөле білу керек. Биыл республикада малды асылдандыру бағытына бөлінген қаржы көлемі 118,9 млн. долларды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 392,4 млн. долларға жетеді. Демек тағамның сапа құрамы жағынан ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Онда, сөз жоқ, азық түлік қауіпсіздігін сақтап қана қоймай, тағам өнімдерін басқа елдерге шығаратын қауқарымыз да арта түспек.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ