Көлік өндірісінің көлемі ұлғаймақ

Қостанайдағы көлік шығаратын "АгромашХолдинг" және  "СарыарқаАвтоПром" кәсіпорындарына       ҚР Ұлттық экономика вице-министрі       Тимур Жақсылықов бастаған бір топ делегация келді. Оның құрамында Алматы, Ақмола облысының және Астана қаласының өкілдері бар. Жаңа көліктерді таныстыру рәсіміне қатысқан  министрлік өкілдері,  сала мамандары  Тобыл өңірінде құрастырылған автокөліктер қызықтыратынын жасырмады.     IMG_9797
Қонақтарға заманауи техниканың қызметі нақты іс жүзінде көрсетілді. Олар тіпті, отқа оранған көлікті бас-аяғы үш-төрт минуттың ішінде ауыздықтап үлгерген заманауи техниканың мүмкіндігіне ризашылықтарын қол соғып, қошеметтеу арқылы білдірді. Қазақстандық өрт сөндіру машиналарының  шетелдік көліктерден еш кем еместігін Алматы облысының өкілдері де жақсы біледі. Олар бір ай бұрын Қостанайда құрастырылған осындай машиналардың 24-ін сатып алған еді.IMG_9597
– Бұл көлік АЦЛ-3-40-17 деп аталады. Мұнда екі функция бір-ақ атқарылады. Өрт сөндіруге арналған құрал-жабдықтары бар. 17 метрлік автосаты 5-ші қабаттан адамдарды құтқаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытқа дейін барлық техникалар өзін тек жақсы жағынан көрсетті, – дейді   Алматы облыстық ТЖД "Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі" ММ басшысының орынбасары Данияр Ысқа-қов.IMG_9478
Жалпы, Қостанайдағы қос автокәсіпорын техниканың қай түрін де шығаруға қауқарлы. Қазірдің  өзінде мұнда әлемдік бренд саналатын жеңіл көліктің жеті  түрі құрастырылады. Мәселен, үстіміздегі жылы  кәсіпорында  Қытайдың "Джили" және "Джат" жеңіл көліктері конвейерден шықты. Оның сыртында өрт сөндіру, жедел жәрдем ауыл шаруашылық, ауыр жүк көліктері, бетон араластырғыш машиналар, құқық қорғау органдарының қызмет көліктері, кран тәрізді заманауи техникалар құрастырылып жатыр. Енді таяу жылдары жолаушылар тасымалына аса қолайлы "Ивеко" автобустарын шығаруды қолға аламыз дейді. IMG_9471кз      
– Алдағы уақытта біз қаладағы қоғамдық көліктерді Қостанайда құрастырылған автобустармен алмастырамыз. Әрине, біз үшін ең маңыздысы жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктердің экологияға залал келтірмегені абзал. Сіздердің кәсіпорындарыңыз бұл ұсынынымызды қолдап отыр. Сондықтан, келісім жасасатын болдық, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары  Юрий Ильин.
Алматы облысынан келген делегация өкілдері "АргомашХолдинг" зауыты шығаратын жанар жағар-май тасушыларға қызығушылық танытты.  Олар осыған дейін 34 көлік әкеткен. "Біздің компания бірнеше жаңа көліктер сатып алмақшы, – дейді "Гелиос" коммерциялық фирмасының директоры Александр Константинов. – Мәселен, отандық өндірісті қолдау мақсатында бірнеше бензин тасымалдайтын көліктер алуды көздеп отырмыз. Өйткені, Қостанайда құрастырылған көліктерді байқап көрдік. Сапасы жоғары".IMG_9792
Компания бүгіннің өзінде келісім-шартта көрсетілген соманың 50% -ын төлеген. Енді жақын күндері тапсырыс берген автокөліктер өз жұмыстарына кіріседі. Сондай-ақ, Астана және Алматы қаласынан келген өкілдер де қостанайлық кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеуге пейіл танытты.
– Үкімет тарапынан отандық автоөндірісті қолдау жөнінде шешім қабылданды. Бұл салаға 20 млрд. теңге бөлінеді. Оның 5 миллиард теңгесі лизингтік бағдарлама арқылы коммерциялық техникаларды сатып алуға жұмсалады. Ал 15 млрд. теңге тұтынушыларды қолдауға бағытталады. Бұл өндірісті құлдыратпай, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жасалған үлкен көмек, – дейді тілшілерге арнайы берген сұхбатында  ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов.
Соңғы жылдары елімізде автокөлік құрастырудың қазақстандық үлесі артып келеді.  Әзірге өндіріс көлемі  30-40 пайыз  шамасында. Алдағы екі-үш жылда 50 пайызға жетсе, бағасы да тиісінше арзандай түседі.
– ҚР инвестиция және даму министрлігі мен Ұлттық экономика минстрлігінің қолдауы арқасында бізге отандық автоөндірісті өрістете түсуге зор мүмкіндіктер туып отыр. Әрі бұл сала инвестиция тартуға  өте тиімді. Мәселен, көлік өндірісіне салынған әрбір 1 доллар инвестицияны  кемінде 2,5 доллар етіп қайтарып алуға болады. Сол сияқты қосымша  жұмыс орындары да ашылады. Биыл автокөлік құны 5 пайызға төмендейді. Ал 2018 жылға қарай көлік құрастырудағы өз үлесімізді 50 пайыз-ға жеткізсек, бағаны 12 пайызға дейін түсіреміз.  Қазір Қостанайдағы автозауыт күніне конвейерден 60 көлік шығарады. Жаңа жобалар жүзеге асса, алдағы жылы өндіріс еселеп артуға тиіс, – деп отыр "AllurGroup" компаниялар тобының президенті Андрей Лаврентьев.
Оның бұл сөзін қостанайлық әріптестері де мақұлдады. Министрлік өкілдері бастап келген делегация мүшелерін зауыттың ішін аралатып, көліктердің қалай құрастырылатындығын, жұмыс процесінің қалай жүріп жатқандығын асықпай көрсеткен кәсіпорын жетекшілері  мәртебелі меймандардың назарын  отандық өнімдердің сапасына аударды. Жеңіл көліктердің әр бұрандасын орнықты етіп бұрап жатқан жұмысшылар өз істерінің білгір мамандарына айналған. Көбісі осында ұзақ жылдардан бері жұмыс істейді. Ондай білікті мамандар кейінгі екі-үш жылдың бедерінде орналасқан жас мамандарға білгендерін үйретуден жалыққан емес. Соның арқасында зауытта істейтіндер көлік құрастыруға әбден машықтанып алған.
– Мен бұл кәсіпорында осыдан 5 жыл бұрын болған едім. Сол кезде зауыт көлік шығаруды енді-енді қолға алып жатқан болатын. Қазір қостанайлық өндіріс бүкіл жұртқа  жақсы танымал. Оның шығарған көліктері еліміздің кез келген өңірінде жүйткіп жүргенін білеміз. Үкімет еліміздегі автокөлік өндірісін жаңғыртуға қыруар қаржы бөліп отыр. Бұл кәсіпорындарды сауықтыруға бағытталған зор көмек, екіншіден тұтынушыларға аса тиімді, – дейді Тимур Жақсылықов.
Елбасы Н.Назарбаевтың өзі барша қазақстандықтарға тек отандық өнімдерді сатып алуға  кеңес берді. Яғни, өз өнімдерімізді тұтынғанда ғана  ел  экономикасы еселене түседі. Жоғарыдай айтқанымыздай Қазақстанда жасалған кез келген өнім  сырттан тасымалданатын тауарлардан асып түспесе, кем емес. Бағасы да қарапайым халық үшін өте қолжетімді. Қостанайда шығарылып жатқан автокөліктерді көбірек пайдалану үшін  тұтынушыларға  бар жеңілдіктер қарастырылады.
 
Айбек      КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓