Ел еңсесін экономика көтереді
Қалыптасқан қағидаға сай, былтырғы жылды да қорытындылайтын сәт туған сыңайлы. 2014 жыл жұмыр жер бетін мекен еткендер үшін жеңіл болмағаны анық. Жағымсыз жаңалықтарға толы болған жыл әупіріммен аяқталды. Қорытындысы мынандай: АҚШ әскерін Ауғаннан әкетті, Украина батысқа бет бұрамын деп былықты, Қырымға қол салған Ресей әлемдік беделінен айрылып қалды. Аталған елдердегі келеңсіздіктің Қазақстанға тікелей қатысы болмағанымен, саяси-экономикалық тұрғыдан талай дүниеге өзгерісін енгізді. Нақты тоқталар болсақ, Ауған жағынан ағылатын есірткі Ресейге, одан әрі батысқа жеткізетін жолын қазақ елі арқылы салу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша Ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіре бастады. Ал, Ресей мен Украинаның жер таласы – қоңсылас елдің жаһандық деңгейде экономикалық бұғаулануымен тынды.
Мұнай бағасының құлдырауы – жығылғанға жұдырықтай тигені анық. Былтырғы жылдың басында қара алтынның құны 115 АҚШ доллары болса, жыл аяғында 60 АҚШ долларына табан тіреді. Мұның үстіне, Ресейдің қаржылық санкцияға ұшырауы – көрші елдермен экономикасын сабақтастырып отырған Қазақстан үшін де ауыр соққы болғаны сөзсіз. Онсыз да, жұмыр жерді жайлаған қаржы дағдарысының салқынын сезініп отырған елдің өндірісі баяулап қалды. Қарапайым ғана мысал, Қостанай облысындағы "ССКӨБ" АҚ, "Қостанай минералы" АҚ өнімдеріне сұраныс күрт төмендеді. Салдарынан, республикалық бюджетке 17 млрд. теңге табыс түспей қалды.
Осы тектес олқылықтардың орнын толтырып, жұмыр жерді жайлаған қаржы дағдарысына төтеп берудің жолын қарастырған Елбасымыз қазақстандықтарға күш біріктіру қажеттігін әл-денеше рет айтқан еді. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақ-тап, мемлекетіміздің әлеуметтік жауапкершілігін нығайту мақсатында бірнеше жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Осыны негізге алған ҚР Үкіметі мен Ұлттық банкі бірлескен отырысында ел экономикасын деңгейлеу мәселесін көтерді. 2015 жылдың экономикалық саясатын айқындап, нақты өсімді 4-5 пайызға жеткізуге уағдаласты. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа жолдары айқындалды.
"Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Тобыл өңірінде де ауыз толтырып айтарлықтай істердің тындырылып жатқанын айта кеткен жөн. Аймақтың экономикасын түрлен-діріп, өндіруші кәсіпорындармен бірге өңдеу орындарын ашу, жұмыс қолын көбейту мәселелері қолға алынды. Облыс әкімінің сөзімен айтқанда, "баламалы кәсіпорындарды дамытып, шағын және орта бизнесті жандандыру, экономикалық деңгейімізді төмендетпей, қалпында ұстау қажет". Қостанай және Жітіқарада арнайы индустриалды аймақтар қалыптастырылып, нақты бағыт бойынша жұмыс істей бастады. Дәл осындай жобаларды Арқалық, Лисаков, Рудный қалаларында да жүзеге асыру жоспарланған. Аталған елді мекендер облысымыздың индустриаландыру саясатына тың серпін берері сөзсіз.
Жалпы, былтырғы жылдың 11 айлық көрсеткішіне көз жүгіртер болсақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық саясатының жақсы өрбігенін бағамдауға болады. Облысымыздың ішкі өнімділігі 1 триллион 400 млн. теңгеге жеткен. Тау-кен өндіріс саласы тұралағанымен, өңдеу жағы қарқын алды. Биылғы жылы да осы межеден түспей, экономиканы еселеу жағы қолға алынбақ. Сарапшылардың есебінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында етек-жеңімізді жиып, экономикамызды нығайтуға мүмкіндік тумақ. Қазіргі үштікке Армения мен Қырғызстан қосылса ерекше күш аламыз. Олай дейтініміз, тұтынушыларымыздың қатары бірден 180 млн. адамға жетпек. Осыншама тұтынушысы бар қазақ елінен әлемдік дағдарысқа төтеп берері анық.
Жұматай Кәкімжанов