Қазақстан – менің елім
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мені небір қиын күндерде де демеп жүретін халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы бірлікті, ағайын арасындағы сыйластықты көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз!», – деп атап көрсеткен болатын. Ассамблеяның еліміздегі бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарып отыр. Соның арқасында Қазақстанда мекен етіп отырған ұлттар мен ұлыстардың достығы көрініс табуда.
Мен көпұлтты мемлекетіміздің орыс қызымын. Қазақстанда туып-өстім, сондықтан осы елді туған елім деп санаймын. Қазақстан – менің елім. Осы жерде менің балалық шағым өтті. Алғашқы рет қадам басып мектепке бардым. Достарыммен бірге ойнап, жақсылыққа, мейірімділікке үйрендім. Өзім Әулиекөлдегі Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясының түлегімін, бүгінде осы мектепте мені оқытқан мұғалімдерімнің әріптесімін. Менің мектебім – көпұлтты шағын мемлекет тәрізді. Осы білім ордасында жиырмадан астам ұлттың өкілдері білім алуда. Бір шаңырақ астында бірнеше интернационалдық отбасы өкілдері қызмет етеді.
Өз елін, өзінің кіндік кескен туған жерін, ана сүтімен дарыған туған тілін сүймейтін адам жоқ. Отан мен үшін тым ыстық. Мен Отанымды мақтан етемін. Өз Отаныма деген сүйіспеншілігім туралы дауыстап айтқым келеді. Көк аспан мен гүлденген жайлауға қуанамын. Достарыммен бірге күліп, ойнағаныма да қуанамын. Қазақ халқы әрқашан өз балаларын отансүйгіштікке тәрбиелеген. Үлкендердің: «Бүгінгі жастарға сенуге болмайды, олар өз тарихын, мәдениетін, тілін білмейді» деген сөздеріне таң қаламын. Әрине, әр уақыттың өз азаматтары болады. Мүмкін, осы үлкендерге де солай ата-аналары айтқан шығар.
Келешекте біздің Қазақстан дүниежүзіндегі ең ірі мемлекеттердің қатарына қосылады деп сенемін. Елбасы: «Еліміздің ертеңі сендерсіңдер. Еліміздің болашағы келер ұрпақтың қолында» деген еді. Еліміздің гүлденуі үшін біздің жастар барлық күшін салады. Мен де Отанымның болашағына аз да болса өз үлесімді қосып отырмын.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл. Сондықтан, еліміздегі барша ұлт өкілдеріне мерейтой құтты болсын дегім келеді. Еліміз асықпай, нық қадаммен жүріп, жасай берсін!
Анастасия ЖУКОВА,
С.Баймағамбетов атындағы мектеп гимназиясының мұғалімі.
Әулиекөл ауданы.