Мүгедектер облыс әкімінен көмек сұрады

Облыс әкімі Нұралы Садуақасов «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігінде болып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мұң-мұқтажымен танысты. IMG_7031
Бүгінде«Үміт-Надежда» ҚБ құрылғанына он жылдай болыпты. Осы уақыт аралығында республикаға дейін танылды. Қоғамдық бірлестік қостанайдағы мүгедек жандардың мүддесі үшін әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Қаланың КСК шағынауданындағы жатақханадан 170 шаршы метр жалға алды. Сол үшін ай сайын 85  мың теңге төлейді. Аядай ғана ғимаратта спорттық құрал-жабдықтары, компьютер залы, музыкалық құрылғылар, медициналық бөлме, қолөнер үйірмесі орналасқан. Мұнда күніне елу шақты мүмкіндігі шектеулі азамат келеді. Дәл осы жерде семинар-тренингтер де өтеді. Қуантарлығы сол, уақыт өткен сайын аталған орталыққа келуші мүгедектер көбейген. Ал әттеген-айы, ғимараттың іші тар. IMG_7047
-Мұнда азаматтардың спортпен шұғылдануларына қажетті құрал-жабдықтар баршылық. Вокал үйірмесі үшін де жағдай жасалған. Келушілер де жеткілікті. Өкінішке қарай, ғимаратты жалға алып отырмыз. Өзімізге тиесілі кеңірек нысан берілсе деген өтінішіміз бар,-деді «Үміт-Надежда» ҚБ төрағасының орынбасары Аруна Жақсағұлова. IMG_7059
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға микроавтобус та қажет. Себебі инвотакси қызметін мүгедектердің бәрі бірдей қолдана алмайды. Инвотаксиға күні бұрын өтінім білдіріп, жазылып қоймаса тиесілі жерге апаруы не ғайбыл. Сондықтан мүгедектер қалаған жерлеріне дер кезінде жету үшін облыс әкімінен қосымша көлік сұрады.
-Көлемі кең ғимарат табуға тырысамыз. Бірақ оны қашан жүзеге асыратынымызды айта алмаймын. Ал көлік мәселесі бір айдың ішінде шешіледі. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе компьютерлік технология алуға да көмек береміз,-деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов. 
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓