Тәуелсіздік мұрасы

Еліміздің бейбітшілік пен татулықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблея­сы үлкен үлес қосып келеді. Төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, Тәуелсіздіктің қасиетті мұрасы болып отыр. «Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің көзіміз жеткен. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы осы айтып отырған мемлекетіміздегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың берік тұғырына айналды», – деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев.ассамблея 1
Ұлттық-мәдени орталықтар мен ардагерлер кеңесінің негізінде Қостанай облысы әкімінің 1995 жылғы 21 наурыздағы № 27 қаулысымен Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы құрылды. 1995 жылы Ассамблея құрамына «Возрождение» неміс қоғамы, «Ен-коди» облыстық корей мәдени орталығы, «Эребуни» армян қауымы, Қостанай облысының ерікті татар, славян қауымы, шешен-ингуш диаспорасының ұлттық мәдени орталықтары, облыстық украин қауымы, облыстық еврей мәдениет орталығы, «Қазақ тілі» облыстық қоғамдық ұйымы кірді. Сонымен қатар облыстық әкімшілік, облыстық мәслихат-депутаттар жиналысы, облыстық Ардагерлер кеңесі, «Надежда» ұлттық мәдени және эстетикалық тәрбие орталығы, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық білім басқармасы өкілдері кірді. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан кейін ұлттық мәдени орталық өкілдері жемісті жұмыс істеп, бір-бірімен тілдесу, келушілерді қабылдау үшін Қостанайда «Достық үйін» құру туралы мәселесі көтерілді. Кейіннен, 2006 жылы 7 қыркүйекте ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен  облыстың 14 ұлттық мәдени орталығы мен қауымдарының кеңсесі орналасқан Достық үйі ашылды.
Жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Ұлттың мейрам – Наурыз және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, масленица, сабантой мерекелерін жаппай халық болып тойлау дәстүрге айналды. Бұл да болса еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық төзімділіктің айқын көрінісі іспеттес.
Мемлекет басшысы еліміздегі тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Этносаралық қатынас­тар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие.
Қысқа уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының дінаралық және ұлтаралық төзімділік пен ынтымақтастықты барлық қазақстандықтардың санасына ұялатқаны қоғамдық өмірде анық көрініс тауып отыр. Ассамблеяның ұлттық саясатқа қатысты бастамалары тұрақтылық, түсіністік ұғымдарын халықтың санасына енгізуге айтарлықтай жәрдемдесті. Қазақстан халқы Ассамблея­сының арқасында өзге этнос өкілдері мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін дамытып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуда. Олар тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына бір кісідей үлесін қосуда. Сондықтан мемлекетіміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны жоғары болмақ.
 
Ажар БАЛТАБАЕВА,
«Қостанай облысының мемлекеттік мұрағаты» ММ мұрағатшысы.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓