«Сарыарқа сазы» – жерлесіміздің жинағы

Жақында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі  ақын әрі сыншы Жұма-Назар Сомжүректің «Сарыарқа сазы» атты өлеңдері мен поэмаларының және басқа шығармаларының көлемді қос томдығының тұсау кесері  Астана қаласындағы «Тілеп-қобыз» сарайында өткізіліп, ол поэзия-жыр тойына ұласты. Жыр мерекесінің бірінші бөлімінде ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, жырлары көркемдеп оқылып, ара-арасында күйлер күмбірлеп жиналған көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды. Жыр мерекесіне осы  «Тілеп-қобыз» сарайында құрылған, атағы алысқа жайыла бастаған «Көк түріктер» халық аспаптары оркестрі қызмет көрсетті. Осы концерт үстінде  ақын жырларына шығарылған Торғайлық талантты сазгерлер Қалибек Деріпсалдин, Айтбай Мұздақанов, Балхаш Нақанов және Қайыр­жан Мақановтың бірнеше тамаша әндерінің тұсауы кесілді. Ол әндерді Астана опера-балет теат­рының жетекші солисті, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпаз лауреаты Сүндет Байғожин, Астана филармония­сының әншісі Сымбат Тасбергенова және Нұрболат Арзамасұлы сынды жас таланттар орындап, жаңа әндердің бағын жандырып жолын ашты.Без имени-1
Жыр  мерекесінің екінші бөлімінде  әдебиет сыншылары мен ақындар және өлең түсініп сүйсініп оқитын елге белгілі тұлғалар сөз алып,  Сомжүрек  өлеңдерінің мәнділігі мен маңыз­дылығын, көркемдігін, сезімді қозғап жүрекке жетіп жататын ойнақылық ерекшеліктерін айтып, жоғары бағалады. Атап айтқанда, сыншы, сөз өнерінің білгірі, Л.Гумилов атындағы Еуразия Ұлттық  университетінің профессоры Серік Негимов, ҚР парламент мәжілісінің депутаттары: жазушы Алдан Смайлов, Абай Тасболатов, Рамазан Сарпеков және ғалым һәм мемлекет қайраткері Әділ Ахметов, экс депутат Әбілмәжін Бәкір, ақындар Айнұр Әбдірәсілқызы мен Әбжан Әбілтаевтар өз сөздерінде Сомжүректің «Сарыарқа сазы» қос томдығындағы өлеңдердің қазіргі қазақ поэзиясы сапынан ойып тұрып өз орынын алатынын қадап айтты.
Осынау  жыр кешінде ерекше есте қалатын көрініс болды. Парламент депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов:  «Жүке, мен сіздің  «Сарыарқа сазы» қос томдығыңыз қолыма тигелі оны бас ала алмай сүйсіне оқып, ақындығыңызға әбден риза болдым. Өлеңдеріңіз шетінен тамаша! Әсіресе,қыздар мен аруларға арнаған жырларыңыз бен поэмаларыңызды қайта-қайта оқи бергің келеді. Табиғат құбылыстары мен тамашаларын суреттеген өлеңдеріңіз де өлең  түсінетін  оқырмандарыңызды  еріксіз  сүйсінтері  сөзсіз!..» дей  келіп:  « Мен әскери генерал болсам, сіз поэзия маршалы екенсіз, алдыңызда тік тұрып честь беремін!» деп, тіп-тіке тұрып, қолын шекесіне қойып, құрмет көрсетті.
Мына көрініс, шынында да, жан толқытар  көрініс болды. Ол оқырмандардың ортақ ойын, ақынға ортақ құрметін білдіріп, жинақтап берді десек керек. Сөйлеушілердің қай-қайсысы да Жұма-Назар жырларының шынайылығын, ал өзінің қарапайым көрінгенімен өмірде көсемсөздерімен үнемі  проблемалар көтеріп  жүретін күрескер тұлға екенін   айтып, ақынның мерейін өсіріп, көңілін тасытты. Сөйтіп, поэзия-жыр кеші мерекесіне жиналған көрермен-тыңдармандар мол рухани азық арқалап қайтты.
Мына нарық заманында әр томы 35 баспа табақ жыр жинақ шығару  қай ақынға да қиын. Бұл «Сарыарқа сазы» қос томдығы Шымкенттік елге белгілі меценат кәсіпкерлер ағайынды Сейтжановтар Серікжан мен Әлімжанның демеушілігімен Астанадағы «Сарыарқа» баспасынан ерекше көркемделіп, жаңаша дизайнмен безендіріліп жарық көрген. Автор да, жыр кешіне жиналғандар да оларға ақ алғыстарын жаудыр­ды. Сөйтіп, Сомжүректің «Сарыарқа сазы» қос томдық жыр жинағы оқырмандарға жол тартты. Жолы болғай деп тілейміз!
 
Төлемырза ТЕМІРБЕКҰЛЫ,
 журналист, «Төртінші билік» газетінің  редакторы.
Астана қаласы.
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓