Қасақана адам өлтірмек болған қылмыскер жазаға тартылды
Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ. 28 жасар Р. Сисембаев дүкеннің түскі үзіліске жабылып, сатушының жоқтығын пайдаланып, оның есігін бұзып кірген. Сауда нүктесіне түскен ұры 19 682 теңге көлемінде қолма қол ақша мен 20 мың теңгенің тауарын алып кетпек болады. Сол кезде жұмыс орнына келген сатушы арам істің үстінен түседі.
Куәгердің көзін құртпақ болған қылмыскер әйелді аяғынан шалып құлатып, соққыға жығады. Соққы алу кезінде жәбірленушінің қолынан ұялы телефоны мен топты кілт түсіп қалған. Кілт бумасын алған Сисембаев оның үшкір тұсымен сатушының оң көзін шұқып, ұрады. Есінен танғанша қолымен буындырады. Одан кейін тергеумен анықталмаған тұлға көмегімен әйелді қол-аяғынан көтеріп, дүкенге қарсы орналасқан сарай ішіне кіргізген. Ол жерде есін жия бастаған куәгерді қылмыскер сарайдан тапқан тырманың сабымен қайта есінен танғанша мойынынан басып тұрады. Мұнымен тоқтамаған Сисембаев тырманың өткір жағымен жәбірленушінің кеуде тұсына соққы жасайды. Алайда, қылмыскер жәбірленушіні өлтіруге қатысты арам ойын жүзеге асыра алмай қалды. Ауылдастарының сарайға қарай келе жатқанын байқап қалған ол, қашып кеткен.
Дүкен сатушысы Қостанай облыстық ауруханасында ұзақ емделіп, аман қалды.
Сот 28 жасар сотталушыны айыпты деп танып, 11 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына кесті.
Махаббат Бекбай