САПАСЫ ЖОҒАРЫ, БАҒАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ ТЕХНИКА

Лисаков қаласындағы «Дон Мар» ЖШС шығарған ауыл шаруашылығы техникасы елімізбен қатар Ресейдің Орынбор, Омбы және Алтай аймақтарында кең танымалдыққа ие болып отыр.303539
Бүгінде дәнді дақылдарды оруға және дестелеп жинауға арналған комбайн жаткалары мен тұқым сепкіштерін құрастыратын шағын кәсіпорын өндіріс көлемін бірнеше есе арттырған. Мәселен, осыдан он бес жыл бұрын зауыт жылына бар жоғы 30 жатканы құрастырса, былтыр оның 300-ден астамын жасап шығарды. Кезінде қала әкімі Альберт Раудың қолдауымен сонау Канададан келген кәсіпкер, «Дон Мар» ЖШС директоры Дональд Уоллис Қазақстанның ауыл шаруашылығы нарығын жан-жақты зерттеп, жергілікті климат пен топырақ қабатына бейімделген техниканың жаңа түрлерін құрастырып шығаруға әбден машықтанған. Мысалға былтыр тестілеуден сәтті өткен Precision Air Drill тұқым сепкіш машинасы биылғы егістікке сақадай сай тұрса, өнертапқыштың қолынан шыққан Laverda мен Deutz-fahr комбайн жаткалары өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бұл ретте отандық техниканың қолдану қарапайымдылығы мен жайлылығы дәнді дақылдарды себу мен жинауда ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. «Дон Мар» өнімдерінің зор сұранысқа ие болуы мұндағы мамандардың біліктілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Себебі ұзындығы 34 метрге дейін жететін техника сыр беріп жатса, кәсіпорын беделіне сын. Сондықтан мұндағы 130 жұмысшының барлығы өз ісінің кәнігі маманы, техниканы бүге-шүгесіне дейін меңгерген шеберлер.
-Біздің жаткалар мен тұқым сепкіштер басқалардан 2-3 есе арзан болғандықтан тапсырыс берушілер қатары күн санап артуда. Компаниямыз істен шыққан техниканы жөндеу мен қосалқы бөлшектерді жеткізуді де жедел орындайды. Бұл кәсіпорынның табысты болуының кепілі деп білемін, – дейді Дональд Уоллис.
Осыдан бір ай бұрын қалаға жұмыс сапарымен келген аймақ басшысы Нұралы Садуақасов зауыттың аяқалысына оң бағасын беріп, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Тобыл өңірі үшін осындай кәсіпорындардың маңызы зор екенін атаған болатын. Яғни қарапайым шаруагер үшін қолжетімді техника шығаратын «Дон Мардың» болашағы, алар асуы әлі алда. Кәсіпорын басшысы әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан жұмысшыларды қысқарту жоспарда жоқ дейді. Керісінше зауыт бәсекеге қабілетті өнімдерімен жаңа нарықтарды бағындырып, ел дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырмақ.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қ.
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓