Әлемнің нұры – Ананың пейілі
8 наурыз – әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұралы Садуақасов еңбегімен елеулі болып, мемлекеттік наградаға ие болған, кәсіпте де, әлеуметтік салада һәм отбасында да құрметке бөленген нәзік жандарымызды қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
– Сіздердің қажырлы еңбектеріңізді құрметтейміз. Кейбір мемлекеттерде, тіпті, бастауын алған Германияның өзінде бұл мерекені атап өтпейді. Ал, біздер көктемнің алғашқы күндерінде келетін мерекеге аса бір көңілмен, шын ниет, ықыласпен қараймыз,- деді өңір басшысы.
Бұл игі шараға облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз болып, республикалық дәрежедегі жарыста лауреат атанған Жаңбыршыновтар отбасының тірегі, көп балалы ана, 12 немере сүйіп отырған ардақты әже, зейнеткер Бижамал Жаңбыршынова, мәдениет саласында ұзақ жылдары тер төгіп, басшылық міндет атқарған, «Құрмет» орденінің иегері Рима Ғайсенова, Қостанай ауданы ардагерлер ұйымының төрайымы, «Шапағат» медалінің иегері Надежда Мураева, әріптесіміз «Қазақстанның құрметті журналисі» Күлтай Әбдірахманова сияқты ұрпаққа үлгі болған аяулы аналар мен әйелдердің қатысқандығын айтуға болады.
– «Әйел болу – ең азап һәм қиын»,- депті орыс ақыны Борис Пастернак. Бұл сөзге осы жердегі барлық әйел заты қосылады деймін. Дүниенің ауыртпалығын тек қана әйел-ана көтере алады. Ол – отбасының ұйытқысы. Ол – қайсар еңбеккер жан. Ол – өмірдің жалғасы ұрпақ әкелер Ана. Ол – ертең Отанына жау шапса, қолына қару ұстар жауынгер! Міне, осындай сан қасиет әйелдің бойынан табылады,- деді Надежда Мураева тебірене сөйлеп. – Мемлекетіміз бізге де, басқаға да қамқор болып, ішкі тұрақтылықты берік ұстап отыр. Біз осыдан танбауымыз керек. Мынадай күнді атап өтпек түгілі, арасынан қыл да өтпейтін кешегі дос-бауыр ел Украинадағы жағдайды бәріңіз жақсы білесіздер!
Надежда Мураеваның сөзін Рима Ғайсенова да одан әрі жалғай түсіп:
– Рас. Бұл ең алдымен ынтымақты айрандай ұйытып отырған Елбасының һәм оның саясатын қолдаған барша халықтың абыройы. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, өмірде әйел-анаға түсер ауыртпалықтың салмағын осыдан-ақ шамалауға болады,- деді.
Сондай-ақ, басқосуда полиция және төтенше жағдайлар қызметіндегі әйелдер, спортшы қыздар да сөз сөйлеп, құрметтеп шақырып, арқа-жарқа шай іше отырып еркін әңгімелескендеріне ризашылық айтты.
– 8 наурызсыз көктемнің келмесі анық. Яғни, көктемді шақыратын осы атаулы мереке, Сіздердің шат күлкілеріңіз, ниет-пейілдеріңіз! Әлемнің нұры – Ананың шын пейілінен. Көктем-көңіл деген осы!- деп Н.Садуақасов көтеріңкі көңілмен тілек айтып, басқосудың соңы әншашуға ұласатынын, Ресейдің көршілес Челябинск қаласынан өнер ұжымы арнайы келгендігін жеткізді.
«Status-men» тобы әрі мемлекеттік «Урал» би ансамблі өнерлерін паш етіп, жиналған қауымды әнге де,биге де разы қылды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков