Асыл әже 110 жасқа толған Ұлтай Сыздық туралы сыр

Қазақ "Төріңнен қария кетпесін" деп тілеген халық. "Қариясы бар үйдің қазынасы бар" дегендей, қаламыздағы көпті көрген қазыналы қарияларымыздың бірі – Ұлтай Сыздық деп айтсақ, еш қателеспеспіз. Себебі ол 8-наурызда өзінің 110 жасқа толған күнін атап өтпек.IMG_6180
Әжені көктем мерекелерімен құттықтап, батасын алу ниетімен кеншілер шаһарының "Шанхайы" атанған жеке сектордағы үйлерге қарай бет алдық. Біз үйге бас сұққанда Ұлтай әжей кереуеттің үстінде теледидар тамашалап, шөбересін ойнатып отыр екен.
Көненің көзін көрген анамыз 1905 жылы Таран ауданына қарас­ты Майлин кеңшарында дүниеге келген екен.
Тіршілікте адалдық пен ізгілікті пір тұтып, табыстың маңдай термен ғана келетіндігін ұққан Ұлтай әже еңбекке ерте араласты. «Жұмысы жемістінің, өмірі келісті» демекші, нәзік жан жұмысты таңдап, талғап жатпады. Ерлерден еш кем түспей, өгізге соқа жегіп, жер жыртты. Шөп шауып, оны өз қолымен арбаға тие­ді. Иінағашпен құдықтан су тасып, отын жинады. Айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, қамкөңіл жандарға көмек қолын аямаған Ұлтай небары он алты жасында тұрмыс құрады. Осылайша отағасы Сыздықов Мұса екеуі көңілдері жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Кешегі ашаршылық пен небір зұлмат жылдарды бастан өткізіп, өмірдің ащысы мен тәттісін бірге тартты. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, отағасы әскер қатарына аттанғанда, бар ауыртпалық ауылдағы қалған қыз-келіншектерге, жасы келген қарттардың иығына түсті.
– Соғыс жылдары ауылда «он екі мүшесі сау» бір еркек қалмады. Егін егу, малды жайлау, үй шаруасын жайғастырып, ата-енемді бағып-қағу менің мойнымда болды. Таңның атысынан күннің батысына дейін ер-азаматтарша белді бекем буып, шаруашылықтың қайнаған ортасында жүрдім. Маған шын риза болған атам маңдайымнан иіскеп, «ұзақ жаса» деп ізгі тілегін айтып отыратын. Ұзақ жасауымның бір сыры атамның осы батасы болса керек, – деп еске алады кейуана.
Кеңес-фин, Ұлы Отан соғысы мен Жапон соғысының қанды майданында бақандай 7 жыл ел қорғаған отағасы 1946 жылы үйіне аман-есен оралады. Әйел адам үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Соғыстан кейінгі кезең, тың және тыңайған жерлерді игеру, қайта құру жылдары мен тәуелсіздіктің ақ таңын отағасымен бірге қарсы алған Ұлтай әже он бір құрсақ көтереді. Алайда, тағдырдың жазуына шара бар ма? Оның барлық перзенттері өмірден ерте озды. Отағасының 1997 жылы 95 жасында дүние салуы кейуананың қабырғасын қайыстырып, еңсесін езіп жібергені рас. Кәрі жүрек бұған да шыдады. Дегенмен, орнында бар оңалар демекші, Ұлтай әже артынан ерген ұрпағына қарап шүкіршілік етеді. Бүгінде әжеміз 21 немере, 36 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.
Ғасыр жасаған әжені күту – ұрпағы үшін үлкен бақыт емес пе?! Инабатты келіні Кәмила енесінің асты-үстіне түсіп, дәмдінің барлығын ауызына тосуда. Немере-шөберелері күнде келіп тұрмаса да, телефон шалып, отанасының қал-жағдайын сұрасып тұрады. Ал тамаша дәстүрге сай 8-наурыз, Ұлыстың Ұлы Күні, Жеңіс мерекесі, Қарттар күні мен Тәуелсіздік күнінде отбасы мүшелерінің барлығы ақ дастарқан басына жиналып, арқа-жарқа болады. Бұдан бөлек әжеміз үйіне келген бар қонақты жылы шыраймен қарсы алып, әңгімесін айтудан еш шаршаған емес.   
– Бүгінгі бейбіт еліміз үшін Аллаға мың да бір шүкір. Біз көрген қиыншылықты  жастарымыз көрмей-ақ қойсын. Қазағым өсіп-өніп, көбейе берсін. Ұлдарымыз батыр, қыздарымыз дана болсын. Сәтті пайдаланып, жыл сайын жағдайымды сұрап, құрмет көрсетіп келе жатқан қала әкіміне, «Нұр Отан» партиясы мен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама басшылығына мың алғыс айтамын, – дейді кейуана. 
Көмбенің үстіне шыққан Ұлтай әже кетер шағымызда маңдайымызды иіскеп, «Тәуелсіз еліміздің көк туы желбірей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұзақ жасай бер» деген ақ батасын берді. Біз де «әумин!» деп бет сыйпасып, сіз де ұзақ жасап, немере-шөберелеріңіздің ортасында есен-­аман жүре беріңіз деген тілегімізді айтып тарқас­тық.
 
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
 
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓