COVID-19: Жітіқарадағы жағдай
Облыс әкімдігінде өткен жиында өңірдегі эпидемиологиялық жағдайлар барысы талқыланды. Жиында аудан-қалалардың әкімдері онлайн байланысқа шықты. Алдымен аймақ басшысының орынбасары Марат Жүндібаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Жітіқара ауданында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты комиссия құрылды. Комиссия өкілдері ауданда инфекция ошақтарын анықтау және жағдайды зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Оның құрамынжа облыстық уәкілетті органдардың бірқатар мамандары бар.
– Комиссия штабы тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінде Жітіқара ауданында коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 15 жағдайы тіркелді. Бір адам қайтыс болды. ПТР (полимеразды тізбекті реакция) әдісімен 551 адам тексерілді. 20 сәуірдегі жағдай бойынша Жітіқара аудандық ауруханасының инфекциялық бөлімінде коронавирустық инфекцияны жұқтырған 9 науқас емдеу шараларынан өтуде. Аудандық аурухананың провизорлық стационарында 24 адам бақылауға алынды. Хирургия бөлімінде 30 адам (терапиялық аурулар – 6, хирургиялық аурулар – 10, күтушілер – 3, мед.персонал – 11) жатыр. Олар шамамен 28 сәуірде ауруханадан шығарылады, – деді Марат Жүндібаев.
20 сәуірден бастап аудандық педиатриялық қызмет ғимаратының жұмысы кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Ауданда облыстық жедел жәрдем станциясының 3 автокөлігі және шұғыл науқастарды облыс орталығына тасымалдау үшін 1 реанимобиль жұмылдырылды.
Денсаулық сақтау басқармасы Жітіқара ауданынан науқастарды тасымалдау үшін мына медициналық мекемелерді дайындады:
– Денисов аудандық ауруханасы – балалар бөлімі және акушерлік, гинекология;
– Қамысты аудандық ауруханасы – терапия, хирургия, травматология;
– Лисаков қалалық ауруханасы – инсульт белгілері бар пациенттер үшін.
– Қазіргі уақытта Жітіқара қаласы және Жітіқара ауданы полиция бөлімінің 2 қызметкерінен COVID-19 вирусының анықталуына байланысты бөлімнің барлық жеке құрамын үй карантиніне жіберу туралы шешім қабылданды. Қызметкерлердің төртеуі 18 сәуірден бастап Қостанай облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде жатыр. Науқастардың жағдайы салыстырмалы қанағаттанарлық деп бағаланады. Барлық полиция қызметкерлерінен зертханалық талдаулар алынды. Олармен жақын байланыста болғандар карантиндік стационарға жатқызылды. Жітіқара ауданындағы эпидемиологиялық жағдай ерекше бақылауда, – деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары.