Баспасөз ардагерімен кездесу (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Бүгін Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапханада журналист, сатирик, ақын Дамир Әбішпен кездесу өтті. Бұл шара баспасөз ардагерінің туғанына 75 жыл толуына арналды.
"Басылымы батыл баспасөз ардагері" аталған тақырыптық кешке өңірге белгілі қаламгерлер, ардагер ұстаздар және студенттер қатысты.
Дамир Әбіш – облыстық "Қостанай таңы" газетінде 40 жылдан астам еңбек еткен кәнігі журналист. Ол осы уақыт бедерінде өз кәсібін қайраткерлікпен атқарды. Ұлттың тілі, ділі үшін қаламын қаруға айналдырды. Айталық, "Брагин не деп сандырақтайды?", "Ұшты-ұшты, бұзау ұшты", "Тіліңе түкіргенім бар…" деген секілді көптеген өзекті талдамалы мақалалары өз тұсында қоғамдық пікір тудырды. Жауынгер жанр – сатираға да сіңірген еңбегі көп. Кезінде ардагер журналист Сәлім аға Меңдібаев бұл кісіге "сатираның соқасын сүйреген саңлақ" деп баға берген-ді. Дамир Сәкенұлының қаламы әлі де қолынан түскен жоқ. Қоғамның кесірлі көріністерін, көзбен көріп, көкейге түйгендерін қалт жібермейді. Қазіргі таңда республикалық басылымдарда сатиралық түрлі туындылары жарық көріп жүр… "Қисықтың хикаялары", "Халқым деп соққан жүрегі" атты кітаптардың авторы.
Кеш барысында Дамир ағамыз өмір жолы, шығармашылығы туралы толғанды. Жүргізушінің әрқилы сұрақтарына жауап берді. Абыз ақсақал, ҰОС ардагері, ұстаз, жырау Қасымхан Алдабергенов, ардагер ұстаз Беген Көпеш бастаған қонақтар жылы лебіздерін білдірді.
Суреттерді түсіргендер – Бағдат Ахметбеков, Бердіболат Көркембаев