Қос мереке иесі
Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылындағы Достанбаевтар отбасы 8 наурыз күні қос мерекені атап өтеді. Оның бірі – Халықаралық әйелдер күні. Ал екіншісі – шаңырақтың ұйытқысы болып отырған кейуана Еркеш әжейдің туған күні. Мінекей, алдағы екі күннен соң қарт ана 91 жасқа толады.
Еркеш әжені ауылдағы ағайынның бәрі біледі десек қателеспеспіз. Ол кісінің өнегелі ғұмырын үлкендер жағы мақтана айтады. Өнегелі ғұмыр деуіміздің жаны бар сияқты. Себебі әжеміз сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында небір қиыншылықпен бетпе-бет келді. Отағасы Кәкіміш атай соғыс басталысымен майданға аттанған. Артында қалған бес үйлі жанды Еркеш әжей жалғыз өзі асырады. Үй мен түздің жұмысына қатар араласып, бел жазбай еңбек етті. Жоқшылық, ауыртпалыққа сағы сынбай соғысқа кеткен отағасын сарыла күтті. Сол кездегі әжейдің тылдағы өлшеусіз еңбегі ақындардың жырларына арқау болып, газет беттерінде жарияланды. Жергілікті басылымға шыққан мақалада «Әбжанова Еркеш 100 сиырдан 96 бұзау алды» деп жазылған. Жергілікті ақын Құтжан мен Дәмешақтың айтысында:
Еркешім күндей балқып Нұрланып жүр,
100 бұзау, 100 сиырдан жылда алып жүр.
Тапқырлық, табандылық, батырлыққа,
Мәншүктей қаһарманнан үлгі алып жүр, – деп кейіпкеріміздің еңбегі туралы айтылған.
Соғыс аяқталған соң отағасы Кәкіміш атамыз елге аман-есен оралды. Бейбіт заманды көріп, 87 жасында бақилық болды. Еркеш әжей тоғыз құрсақ көтеріп, соның алтауын аяқтандырды. Қазіргі уақытта бес баласының көзі тірі. Олардан тараған ұрпақ еркелеп өсіп келеді. Әз ананы үлкен ұлы Мейрамхан мен келіні Әнупаш алақандарында аялап отыр.
Кейіпкеріміздің жасы тоқсаннан асқанын айттық. Оның әкесі Әбжан Құндызбаев та көп жасаған кісі. Жүз жасқа толуға алты ай қалғанда дүниеден озған екен. Аманкелді Иманов бастаған көтеріліске қатысып, жүзбасы болған деседі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕ: Еркеш Әбжанова шөбересі Асылаймен бірге