Алқа таққан асыл жандар
Шыр етіп дүниеге келген жанға жарық сәуле сыйлаған аналардың орны бөлек. Аналарға қанша құрмет көрсетілсе де артық етпейді. "Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да парызыңнан құтылмайсың" деген.Перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөліп, тағдырдың тауқыметіне жасымаған асыл аналар Арқалық өңірінде де аз емес.
"Алтын алқа" иегері
Жалғызтал ауылының тұрғыны, "Алтын алқа" иегері Жүрсін Тоқсейітқызы өзі өмірге әкелген 9 баладан 23 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Жолдасы Нағашыбай Қабденов ұзақ жылдар бойы ауылда малшы болды. Екі жас еңбектен қол үзбей жүріп, балаларын өсіріп жеткізді. Отағасы ерте дүние салды. "Орнында бар оңалар" деп балалары әке орнын жоқтатпай аналарын аялап бағып отыр.
"Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" дегендей, балаларының бәрі қалаған мамандықтарын меңгеріп, өмірден өз жолдарын тапқан. Әрі бір-екі баламен шектелмей, өрістерін кеңейтуде.
– "Алтын алқа" алғаныма ризамын. Жас келіндер біздің жолымызды қуып, бала-шағаларын біз сияқты тәрбиелеп, аман-есен өсіре берсін, – дейді Жүрсін апа.
Д.Айманова, "Күміс алқа" иегері
Жалғызтал ауылының тұрғыны, "Күміс алқа" иегері Дариға Сұлтанбекқызы 6 бала өсірді. Осы балаларынан көрген 8 немересі бар. Жолдасы Мереке Айманов ауылда көп жылдар бойы шопыр болған. Өкінішке қарай бейнетінің зейнетін көре алмады. Ал, Дариға апай болса әлі күнге дейін мектепте еңбек етеді.
– Балаларымның бәрі ауылдағы Т.Әубәкіров атындағы мектепті бітірді. Енді осы мектепте немерелеріміз оқып жатыр. Бақыт деген осы. Жағдайымыз жақсы. Үкіметіміз қандай көмек керек болса да, беріп жатыр. Жас аналарға айтарым, бір баламен шектеліп қалмай, бес-алты баланы дүниеге әкеліңіздер. Біз сияқты аналардың жолын қуып, аналық мол бақытқа кенеле берсін, – дейді Дариға апай.
Ж.Бейсенбина, "Алтын алқа" иегері
Көктау ауылының тұрғыны, "Алтын алқа" иегері Жаңылдық Шаханқызының 7 баласы, 6 немересі бар. Жұбайы Серік Байкелдіұлы екеуі кезінде малшы болып еңбек еткен. Қазір немерелерінің атымен "Мұхтар" деген жеке шаруа қожалығын ашып, екі жылдан бері ауыл іргесіне бақша егіп, кәсіп көзін бастап жатыр. Келешекте мал алып, шаруашылықтарын кеңейткісі де келеді.
– Отағасымен отыз жылға жақын бірге өмір сүріп келеміз. Құдайға шүкір балаларымыз өсіп жетіліп, "Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырып" дегендей қалыпты өмір сүріп жатырмыз. Өз алдымызға еңбегімізді жасап, соның жемісін көрсек дейміз.
Елбасына үлкен алғысымызды айтамыз. Аналарға жасап жатқан құрметі жоғары. Мамыражай тірлік кешіп жатқанымыз сол кісінің арқасы. Алдағы болатын сайлауға Н.Ә.Назарбаевтың қатысуын тілеймін, – дейді Жаңылдық апай.
Иә, мұндай алтын құрсақты аналар қазақтың әр ауылынан табылады. Олардың қай қайсымен жүздесе қалсаңыз да тілейтін тілегі елдің амандығы, жас ұрпақтың бақытты ғұмыр кешуі. Дүниенің мәні мен сәні өздеріңіз.
Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы аналар!
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.