МАРАЛ ИШАН МЕШІТІ қайта жаңғырар күн бар ма?
Тобыл өңіріндегі тамыры терең қасиетті нысандардың қатарында Ақмешіттің орны айрықша. Келер жылы жүз отыз жыл толатын тарихы бай ғибадат үйі ХІХ ғасырдың аяғында өңірді мекен еткен мұсылман жамағаты үшін салынған үлкен сый. Әрі маңайдағы көршілес елдер арасында сәулеті жағынан ерекше көз тартар ғимарат саналды. Кеңес үкіметі тұсында талан-таражға ұшырап, діни мекеме атауынан айырылса да, араға бір ғасыр салып, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өзінің ғибадат ететін орын мәртебесін қайтадан алды. Оған халқымыздың аяулы перзенті, дін ғұламасы, күрескер тұлға Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.
Қостанайдың орталығында орналасқан байырғы нысан құлшылық үйі ғана емес, көз тартар көрікті орын, өскелең ұрпақтың тәрбие және рухани ордасына айналып еді. Кейінгі уақытта ақ қар, көк мұз, жауын-шашынның астында қаншама жыл тұрған ғибадат үйінің тозығы жете бастады. Сыртқы келбеті көнеріп, іргесі жарылып, есік-терезесі ескірген сәулетті орда күрделі жөндеуді қажет етті. Наурыз шағын ауданында Аймағанбет қажы мешіті бой көтеріп, Марал ишан жөндеу жұмыстары үшін уақытша жабылған болатын.
2017 жылы Ақмешіт өңірдегі тарихи-мәдени мұрасы ретінде "Қазақстанның киелі орындары" тізіміне ен-гізілді. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті билік "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында мемлекет қорғауына алын-ған жәдігерімізге ғылыми-жаңарту жұмысын жүзеге асыру мақсатында бір жағынан бастан-аяқ құрылыс жүргізіп, екіншіден, бастапқы қалпына қайтадан келтіру науқанына кірісіп кеткен еді. Ол үшін ең алдымен архив құжаттарынан, фото суреттерден нысанның алғашқы жобасымен танысуға тура келді. Бұл үшін еліміздің белгілі сәулетшілерінен құралған мамандар Татарстан Республикасына, Орынбор және Уфа қалаларына арнайы барып келді. Соның арқасында қазіргі Ақмешіт ғимараты бастапқы келбетіне қайта оралып отыр. Мұнаралары бұрынғысынан 3 метрге биіктетіліп, әуел бастағы қалпына келтірілді. Есік-терезелері, едені жаңартылды, іргесі бекітілді. Алайда, бұрын мұсылман қауым дәрет алып келген орын сүріліп тасталды.
Құрылыс-жөндеу жұмыстары бір жарым жыл бұрын аяқталғанмен, мешіт өз жұмысын әлі бастаған жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Алдымен бұл нысан мемлекет құзырына алынып, жөндеу жасалғасын оның қайтадан мешіт болып ашылу-ашылмауы белгісіз болды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттары көшіріледі деген әңгіме шықты. Құжаттарды ресімдеу жұмыстары қолбайлау болып жатыр деген де сөз болды. Оның үстіне өткен жылдары елдегі карантин шектеулеріне байланысты ғимаратты пайдалануға беру кейінге шегеріліп отырды. Ковид індетінің беті кейін қараған бір жылдан бері де ешқандай қозғалыс жоқ. Жергілікті атқамінерлер "халықтың сұрауы бойынша алдағы уақытта Ақмешіт мұсылман жамағатына құлшылық мақсатқа беріледі" деп бұған дейін бірнеше мәрте айтқан еді. Көпшіліктің көз қарашығындай болған Алла үйі, облысымыздың ең көне тарихи ескерткіштерінің бірі – Марал Ишан мешітінің бұдан кейінгі тағдыры жұртшылықты алаңдата бастады.
Өткен жылы жазда өңірімізге іссапармен келген сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева тарихи нысанмен танысқан еді. Сол жолы экс-министр күнделікті намаз өтеу, неке қию, азан шақырып ат қою қатарлы ғұрыптарды неге өткізе бермеске деген болатын. Бірақ, одан кейін де ешқандай қозғалыс жоқ. Жаңартылған мешіттің қайта пайдалануға бері-луіне не кедергі екенін әлі түсіне алмай-ақ келеміз. Қасиетті Марал бабамыздың есімі ұмыт қала ма деп қынжылады екенсің…
Осы мәселе жайында талай көтердік. Ел ақсақалдары Бас мүфтидің қабылдауына дейін барып, хат тапсырып келді. Алайда, еш қайран болмай тұр. Келесі жылы әулие есімін иеленген тарихи-рухани орданың салынғанына 130 жыл толады. Сол алдағы күні мұсылман қауымның игілігіне қайта беріледі деген үміт зор.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ