Салқын судың әсерінен ағза қандай өзгерістерге ұшырайды?
Судың жылу өткізу қабілеті ауаның жылу өткізу қасиетінен 28 рет артық екендігін ескерсек, су ойығына түскен кезде дененің сырты бірден жылу бөле бастайды. Суықтың аз уақытта (1-2 минут) әсер етуінде пульс 10-15%-ға тездей түседі, ауа жұту 6 есеге дейін артады, қылтамырларды нығайтуға керемет гимнастика болып табылатын терінің кенет тартылуы орын алады, сондай-ақ ішкі ағзаларға қан мөлшерінің түсуі жоғарылайды. Сонымен қатар, салқын суға түскеннен кейін адам рахаттанады және эмоционалды және рухани күштің жоғарылағанын сезінеді, ол қанға «қуаныш гормондары» − эндорфиндердің тасталғанына негізделеді. Көңілді күй және жоғары тонус суға түсіп шыққаннан кейінгі бірнеше сағаттан соң да бойда сақталады. Бұндай гормондардың (кортикорстероидтер) мықты асқынуға қарсы әрекеттері бар, созылмалы асқынған аурулары бар адамдардың салқын суға түсуден сауығуы осылайша түсіндіріледі.
Көктемнің алғашқы күндері басталып та кетті. Жылы леп келсе де қыс ызғары әлі сезіліп тұр. Қыстың қытымыр күндерінен запы болғандар жазды аңсауда. Ал салқынды жанындай жақсы көретіндер суықтың пайдасы зор дейді. Әсіресе салқын су жанға шипа екен.
Табиғат пен адам егіз деп бекер айтылмаса керек. Десе де, уақыт өте келе осы қағиданы естен шығарып жатқан сияқтымыз. Деннің саулығын жақсарту үшін бір сәтке табиғаттың өзіне құлақ түргеніміз жөн дейтіндер табиғат аясында суық суға шомылып, дене шынықтырғанды әдетке айналдырып келеді. Салқын суға шомылу ежелден келе жатқан әдістердің бірі. Оның денсаулыққа пайдасы орасан зор дейді мұздай суға шомылып, сергитіндер.
Суық суға шомылатын жанның бірі – Салтанат Өтелбаева. Иә, дұрыс оқыдыңыз. Көпшілікке ақындығымен, суырып салма айтыскерлігімен танылып үлгерген Салтанат он жылдан бері салқын су құйынады екен. Осының арқасында өзін сергек әрі бойдағы бар қорқыныштан арылдым дегенді алға тартты кейіпкеріміз.
– Осы әдіспен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды. Бірде папамның үйіне қонаққа бір кісі келді. Ол қардың үстіне жалаң аяқ шығып, үстіне шелек-шелек салқын су құяды екен. Сол кісіге еріп мен де үйреніп алдым. Үйренгенім соншалықты қазір күніне екі рет суық су құйынатын болдым. Құдайға шүкір, ауыра қоймаймын. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейтін қағиданы түсіне білгеніміз жөн. Бүгінгі заманда емделудің қаншалықты шығын екені бәрімізге белгілі. Қыстың саршұнақ аязында да салқын суға түсе беремін. Бұл сезімді ешқандай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл әдетті наурыз айында бастадым. Алғашында бөлме температурасындағы сумен жуындым. Басында аяқ-қолымды, сосын өзіңмен-өзің үйреніп кетеді екенсің. Жаның да рахаттанып қалады. Бойдағы бар қорқынышты жеңесің. Өзендегі ойыққа да түсем. Жүкті кезімде 8 айға дейін суық суға шомыла берем. Балаларымды жалаң аяқ жүруге үйретем. Бұл мен үшін жаңалық емес. «Тоңазытқыштағы тамақтың өзі көпке дейін сақталады ғой» деп әзілдеймін. Мұның өзі үлкен философия. Бір нәрсеге қол жеткізу үшін бір сыннан өту керек, – дейді Салтанат.
Тарихта есімі қалған Ивановтың әдісі бойынша денсаулығын дұрыстап алған жандар туралы көп естіген боларсыз. Біздің елімізде де Сара Назарбаева осы әдісті қолдап, кішкентай балаларды осы әдіске үйретуге бастаған болатын.
Ивановтың айтуынша, «үстіңе суық су құю – бұл жай мұздай суға шомылып шығу емес. Мұның астарында терең ой, мағына бар. Өзіңді шынықтырасың, ойыңды тазартасың. Салқын су стреске қарсы таптырмас тәсіл»
Айтолқын АЙҚАДАМОВА