Өтінішті Телеграм-бот қабылдайды
Қазақстан азаматтарына берілетін 42 500 теңге сомасындағы әлеуметтік төлемақыға өтініш беруге арналған Телеграм-бот іске қосылды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев "Фейсбук" желісіндегі парақшасында бөлісті.
"Достар! Біз бүгін 42500 теңге әлеуметтік төлемді алуға өтініш беруге арналған Телеграм-ботты іске қостық. Telegram мессенджеріне кіріп, іздеу жолағына @Help42500Bot атауын енгізу арқылы арнайы ботты таба аласыз. Өтініш беру процесін барынша жеңілдетуге тырыстық. Барлық байланыс арналары туралы айтатын болсақ, наурыздың 28-нен бастап www.egov.kz порталы мен www.42500.enbek.kz сайты арқылы 1 125 000-нан астам қазақстандық өтініш берді. Бұдан өзге, 300 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік төлемнің проактивті тәсілмен тағайындалуына байланысты 1414 нөмірінен IBAN шотын ұсыну туралы SMS-хабарлама жолданды. 95 мыңнан астам адам өз деректерін көрсетіп, келген СМС-хабарламаға жауап қайтарды. Келіп түскен барлық деректер мен өтініштерді төлем тағайындау жөнінде шешім қабылдау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әріптестерімізге жолдадық", – деп жазды ол.