Көлікте – тек қана қыздар
Бүгінде темір тұлпарды тізгіндеген нәзік жандылардың қатары көбейіп келеді. Бұрын әйелдердің көлік жүргізгені, әсіресе, ерлер қауымы үшін оғаш көрінсе, қазір бұған көзіміздің үйреніп кеткені сондай, тіпті таң қалмайтын да болдық. Себебі, қазіргінің қыз-келіншектері үшін көлік айдау түк те емес. Мереке қарсаңында заманынан қалыспай, көлік жүргізудің қыры мен сырын меңгеріп алған осындай қыз-келіншектермен тілдескен едік.
І.Омаров атындағы қазақ драма театрының бас әкімшісі:
– Бұрын қыз-келіншектердің көлік жүргізгені көзге қораш, құлаққа түрпідей тисе, қазір екінің бірін темір тұлпардың тізгінінен көруге болады. Асылы, көлік жүргізу – велосипед тепкенмен бірдей емес, сондықтан оны әбден оқып-тоқып, тәжірибеден өткен соң ғана жүргізген дұрыс деп ойлаймын. Ал өзіме келер болсам, ең ал-ғаш жүргізген көлігім ол – мотоцикл болатын, жетінші сыныпта жүргенде әкем үйретті. Одан кейін 8-сыныпта көлік жүргізуді үйреніп алдым. Қазір 2010 жылдан бері үзбей жүргізіп келемін. "Хендайакцент" маркалы жеке көлігім бар. Мақтанғаным емес, осыған дейін не МАИ қызметкері тоқтатып, не бір рет болса да айыппұл төлеген емеспін.
ҚМУ-нің оқытушысы:
– Мен көлік жүргізуді осыдан үш жыл бұрын үйрендім. Үш ай бойы курсқа барып оқыдым. Онда жүргенде арнайы мамандар бізге көлік жүргізудің қыры мен сырын, жол жүру ережелерін үйретті. Көлік айдауға деген қызығушылығымнан болар, тез үйреніп алдым. Жұрт құсап құжатты сатып алған жоқпын. Қазір құдайға шүкір, барлық ережені жақсы білемін, жолда абайлап, сақтықпен жүруге тырысамын. Бүгінде әйелдердің дені көлік жүргізеді. Мен сияқты отбасылы келіншектерге бұл тиімді. Себебі, жолдасым жұмыстан қолы тимегенде, балаларды мектепке де, балабақшаға да өзім апарып, алып келемін. Бір жағынан, заман ағымынан қалыспаған да дұрыс қой.
медицина қызметкері:
– Біз үйде бес қызбыз, ер бала болмағандықтан көлік жүргізуді жезделерімнің көмегімен үйреніп алуыма тура келді. Тәжірибені ресейлік көліктен бастадым. Ол шетелдің көліктері тәрізді автоматтандырылған жүйеде емес, сондықтан механикаландыру жүйесіндегі көлікті бірден меңгеріп кету де оңай емес. Бірақ осының арқасында кез келген көлікті еркін жүргізе беремін. Дегенмен, шындығын айту керек, қазір қыз-келіншектердің дені көлік жүргізу құқығын растайтын құжатты сатып алып жатады. Жол жүру ережелерін жиі бұзатын да сондай жандар. Сондықтан, құжатты сатып алмай, арнайы курстарда оқып барып, алған дұрыс деп ойлаймын. Әрине, барлық әйелдердің темір тұлпарды меңгеру қабі-леті бірдей емес. Олардың арасында жылдар бойы жаттығып, жақсы жүргізетіндері де баршылық. Жалпы, көлікті тек қана ер адамдар, не әйелдер ғана жүргізсін деген қағида, заң жоқ. Қалай десек те, қыз-келіншектердің көлік тізгінін иеленуі ол әбестік емес.
журналист:
– Көлікті бұрындары ер азаматтар ғана айдаушы еді, қазір әйелдер қауымы да жүргізетін болды. Қазір тіпті жеңіл көлік қана емес, кран сияқты ауыр техниканы да меңгерген қыз-келіншектер жетерлік. Мен де жүргізушілік құжатты арнайы курс-та үш ай оқып алған едім. Оқып алғанның арқасында жүргі-зушінің міндеттері мен құқықтарын да жақсы білемін. 2012 жылы бар жиған-тергеніме керемет болмаса да, әйтеуір бір жеңіл көлік сатып алдым. Көлік жүргізуді үйреніп алғаныма еш өкінбеймін, қазір баратын жеріме ешкімге жалынбай-ақ барып келемін, ата-анамды да тасимын.
Қарлығаш ОСПАНОВА