Көктем мерекесі көңілдеріңізге нұр сыйласын

Біздің заманымыз қиындық пен ауыртпалыққа толы кезең еді. Мен ашаршылық дәуірінде дүниеге келдім. Ол уақытта әке-шешем егін шаруашылығымен айналысты. Кейін ес білген шағымда қара жұмысқа білек түре кірістім. Елді дүрліктірген соғыс жылдары тылда еңбек етіп, тұрмыс құрдым. Жанымызды шүберекке түйіп, баламызды етегімізге орап өсірдік. Аллаға шүкір отағасы екеуміз заманның қиындығына қарамай 8 бала тәрбиелеп, осы күнге жеткіздік. Мен өзімді бақытты анамын деп толығымен айтуға құқылымын. Себебі "Ардақты ана" атанып, 26 немере, 13 шөбере сүйіп отырған жайым бар. Бүгінгі ұрпақ еркіндік пен теңдікке қол жеткізді. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік жас ұрпақтың еншісіне бұйырды.
Сондықтан біз көрген зұлмат соғыс пен нәубет заманды ұрпағымыз көрмесін деп тілей отырып, 8 наурыз "Халықаралық әйелдер күні" мерекесімен барлық ақ жаулықты аналарды шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман – жұртымыз тыныш болып, тәуелсіз елдің таңы арайлап атып, көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін. Сондай-ақ "ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен" келген Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы көптен күткен арманымыз. Ел үшін ерлік жасап, кеуделерін оққа тосқан батыр бабаларымыздың ерлігі жас ұрпаққа өнеге, үлгі. Тарих беттеріне есімдері алтын әріптермен жазылған батыр бабалар ерліктің нышаны. Еліміз өркендеп, экономикасы арта берсін.Суретте Рсалдина Күлнар
 Күлнар РСАЛДИНА,  "Ардақты ана",  тыл ардагері.
 
Ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз арта берсін
Биылғы жыл еліміз үшін ынтымақ пен берекеге толы жыл. Елі-міздің бірлігі жарасып, тірлігі артқан шақта мемлекетіміздің мәртебесі өсті. Олай дейтінім биыл  Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл. Осы уақыт ішінде еліміз өзге ұлт өкілдерімен достықтың туын желбіретіп, ынтымағымыздың іргетасын бұзылмастай берік қалады.  Біздің қонақжайлылығымыз, кеңпейілдігіміз, ертеден қанымызға сіңген қасиет. Қазақстанда өзге  ұлт өкілдері  көп болса да бір ананың баласындай тату-тәтті өмір сүруде.   Осы орайда Президентіміздің орасан зор еңбегін айта кетіп, бағалағанымыз жөн. Қазақтың бағына туған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаған тұңғыш адам. Қазақ елінің мақтанышы. Қазақстанның бірлігін сақтай отырып, өзге мемлекеттердің ынтымағын берік ұстануда.
Сондықтан құрметті жерлестер осы тамаша сәтті пайдалана отырып, баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жылдық мерейтойымен және 8 наурыз "Халықаралық әйелдер күні" мерекесімен құттықтаймын.
Суретте Алма Жұмағалиева
 Алма  ЖҰМАҒАЛИЕВА,   "Алтын алқа" иегері.
Тәуелсіз мемелекетіміздің беделі үстем болып, елдігіміз арта берсін. Президентімізге ұзақ ғұмыр беріп, халқымды қатерлі қауіптерден жаратқан иеміз аман сақтасын. Әлемнің айнасы іспеттес аналардың мейрамы көктемнің нұрлы шуағымен бірге нұрланып, жер бетін шаттыққа бөлесін. Әрқайсыңыздың шаңырақтарыңызға бақыт, дендеріңізге саулық тілеймін.
 
Әзірлеген  Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓