Анамды аңсаймын…

Адамға ұлы болған Алла Тағаладан кейінгі ең жақыны, ол ата-ана. Ата-ана балаларын туып, тәрбиелеп, оқытып, үйлендіріп, адам қатарына қосады. Ата-ананың осы жақсылығын өтеу, қайтару үшін баласы оларға ылғи да жақсылық жасауы керек. Ең бірінші ата-ананы тыңдап, айтқанын орындау керек. Олардың алдында өте кішіпейіл болып, қатты сөз айтпай, дауыс көтермеу керек. Ал егер ата-ана балаға ренжіп, ұрсатын болса, қарсы сөз айтпау керек. Бұл баланың ата-ана алдындағы міндеттері. Осы міндеттерді орындаған, бақытты бала. Бала ата-анасын тірі де ғана емес, өлгенде де құрметтеп, артынан құран оқып, садақа беріп, дұға жасап отыруы керек. Ислам ғалымдары айтады: "Бала ата-анасына жақсылық көрсетсе, өзі де бала-шағасынан жақсылық көреді".  Бұл мәселелерді айтып отырған себебім, біздің қатарымыз 1930-40 жылдары туғандар осы айтқандардың бәрін орындап, ата-анаға ерекше құрмет көрсеткенбіз. Тіпті жігіт боп, үйленіп, балалы-шағалы кезіміздің өзінде олардың көзінше теріс қылық жасауға бармайтынбыз. Олардың айтқаны біздер үшін заң еді ғой. Ата-ана түгелі, ауылдың үлкендерінің де алдын кесіп өтпейтінбіз. Олардың көзінше алысып-жұлысу, боқауыз сөз айту қылмыспен тең еді ғой. Өйткені, ол кезде бала тәрбиесін ата-ана ғана емес, бүкіл ауыл болып қолға алған. Ата-анасына тілін тигізген баланы бүкіл ауыл тәрбиелейтін.
Мен де әкемді өле-өлгенше осылай сыйладым, оның атына кір келтірмеуге қолдан келгенше тырыстым. Тек шешем ғана бұл құрметті көре алмай, өмірден ерте өтті. Менің шешем Ахметсабыр-қызы Жаңыл 1952 жылы  мен 7-сыныпта оқып жүргенде, 37 жасында кенеттен қайтыс болды. Сол жылы қыс қатты болып, шөп аз болып, малшылар жайлауға ерте апрель айының басында шықты. Менің әкем сиыр бағатын. Дәмді өзенінің бойында Қозыбағар көңі деген жерде тұрамыз. Бұл жерде "Заготскот" деген мекеме бар. Ол колхоздардан мал қабылдап алып, оны Жаманқалаға (Орск қаласы), ет комбинатына айдап апарып, тапсырады. Әкемде жайлауға ерте шығып, киіз үйде отырады. Шешем сонда босанып, Базарбек деген бала дүниеге келді. Күн салқын, шешеме суық тиіп, қайтыс болды. Мен ол кезде Жалаңаш деген жерде (Дәмді совхозы) 7-сыныпта оқимын. Сабағынан қалмасын деп, маған хабар бермепті. Бір жетіден кейін барып, маған естіртті. Мен Жалаңашта Боржық атамның үйінде жатып оқитынмын. Баланың үлкені мен, Дәржан –  10 жаста, Қарашаш пен Мәдина              4-5 жаста. Базарбектің туғанына әлі ай болмаған. Сөйтіп, бір топ бала анамыздан айырылып, жетім қалдық. Көңілімнен анам, көзімнен жас кетпейді. Ойлайтыным шешемнен қалған қарындастарым. Қырсық қылғанда, Жалаңашта 7-сыныптан емтихан алатын жоғарғы білімді мұғалімдер болмай, емтиханды Қарамайшыға (Науырзым совхозы) барып тапсыратын болдық. Емтиханға дайындалған болып, оңаша шығып, шешемді ойлап, жылап-жылап аламын. Қарындастарымның жанында әкем бар. Ал туа сала жетім қалған Базарбектің күні не болады. Әкем байғұстың да басы қатып жүрген шығар деп те уайымдаймын. Соған қарамастан емтиханды жақсы тапсырып, 8-сыныпқа көштім. Жазғы демалыста "Заготскотқа" шөп дайындауға кірдім. Күндіз жұмыс, кешке үйге келген соң уызына жарымаған Базарбекті көтеріп алып, ауылдың сыртына шығып алып, Базарбекке қосылып алып мен де жылаймын.
Біз Дүйсенбек екеуміз (әкемнің інісі) 7-сыныпты бітіргеннен кейін, Боржық атамның үйі Қозыбағар көңіне көшіп келді. Біздің үймен атам үйі біргеміз. Балшөкен әжем барлығымызға тамақ істеп, кір жуады. Әкем, Дүйсенбек              үшеуміз жұмыстамыз. Базарбек ауру, денесіне неше түрлі жаралар шықты. Әкем Аманкелдіге, аудандағы ауруханаға апарып, емдетіп әкелді. Бірақ әлі ауырады, күндіз-түні жылайды. Оған қосылып, ауылдың сыртына шығып, айғайлап жылап, мен де мауқымды басып аламын.
Бәрінен де Дегенбайқызы Балшөкен әжеме қиын. Бір үйде 10 адам бармыз. Ол кісі бізді аяп, қолдағы барын менің аузыма тосады. Бірақ менің есіл-дертім – шешем. Жалғыз ұлы болып, еркелетіп өсіргендіктен бе екен, шешемді өте жақсы көрем. Күз келіп, оқуға баратын уақыт жақындады. Онжылдық мектеп аудан орталығы Аманкелдіде. Сонда бару керек. Интернатқа алмайды. Онда тек әке-шешесі жоқтар ғана алынады, немесе жалғыз шешелері барларды алады. Әкем ауданға өзі барып, жатып оқитын үй іздеді. Естай деген Өтейдің үйіне келісті. Естай қайтыс болған, шешесі, әйелі, Елесхан деген жалғыз ұлы бар. Абырой болғанда, өте жақсы, тәр-биелі отбасы екен. Шешеміздің аты Күнзила, быткомбинатта тігінші, қырықмылтық руының қызы. Мені баласынан кем көрмей, әрі шешемнің қайтқанын біліп, аяп, жақсы қарады. Қысқы демалыста Қайғыға келемін. Онда шешемнің апасы Рәш бар. Ол кісіні шешемнің орнына шеше қылып ылғи сол үйге барамын. Бірақ қарындастарымды ойлап, сағынып, соларды көргім келіп тұрады. Біздің үй "Заготскотпен" бірге Қозыбағар көңінен Көпжасар көңіне көшкен. Бұл көң де Дәмді өзенінің бойында, Мойылды өзеніне, Нарөлгенге жақын.
Әкем үйленіпті. Шешеміз қатаңдау адам екен. Онша іштарта қоймадым. Қандай бала болса да әкесін тумаған шешеден қызғанады, ал әке көбіне әйелдің көңілінен шығуға тырысады. Осыдан келіп әке мен баланың арасы суый бастайды. Бұл жағдай шешесі өліп, өгей шешеге күні қараған балалардың көпшілігінің басында болатын жағдай. Әрине, өгей шешені өз шешесінен кем көрмейтіндер де болады, бірақ олар аз. Әсіресе ерке балаларға қиын, олар тағы мысық сияқты шын көңілімен берілмейді.
Базарбек 1 жасқа жетер-жетпесте қайтыс болды. Ол шешесін сағына да алмай, есін толық білмей шетінеп кетті. Жетім болып, жылап-еңіреп өскеннен гөрі, сол да дұрыс па деп ойлайсың, бірақ қимайсың. Құдайдың маңдайыңа жаз-ған тағдыры қайтсе де болады. Шешемнен ерте айырылғаным, мені ерте ер жеткізді. "Адамның ең үлкен ұстазы – қайғы" деген екен бір ғалым. Сол өмірден алынған дұрыс сөз.  Әкем де біздің қасымыз бен қабағымызға қарап, аяп,       жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Біздің бұл үйде бұрынғыдай сағынып, бауыр баспайтынымызды біледі. Бірақ маған ештеңе айта алмайды. Ішінен өгей шешемізді өз шешеміздей көріп, ойнап-күлгенімізді жақсы көреді. Ал мен болсам, жүрегім тас болып қатып қалған, мезірейіп бір жібімеймін.  Әкемді аяймын, бірақ жіби алмаймын.
Мен 8-сыныптан бастап үйде көп  бол-ғаным жоқ. Сыртта оқыдым, демалыста нағашы апам Рәштің үйіне кетем. Ол үйге шешемнің інісі Әнуар, әйелі Ұмытқан, Рәштің қыздары Сапаркүл мен Майдан, бәрі де мен келгенде қуанып, шын ықыластарымен қарсы алады. Өз үйімнен осы үй маған ыстық. Бірақ әкем мен қарындастарымды сағынамын. Солар үшін үйге барамын. Мен келгенде олар да шешелері тіріліп келгендей, қуанып, маған еркелейді. Мен кеткенше оларға ешкім қабақ шытып, қатты сөз айтпайды. Ал мен оларды көргенде "Тірі жетімдерім-ай" деп аяп, білдіртпей жылап-жылап аламын. Сол күндер есіме түскенде, осы кезде де көзіме жас аламын.сканирование0043
Әкемді де аяймын, жақсы көремін. Бірақ шешемді сол өлтіргендей, өгей шешемнен қызғанып, бедірейіп, оған бір жібімеймін. Кейде қарындастарыммен күліп-ойнап отырсам, оның да көңілі жадырап, төбесі көкке бір елі жетпей, қуанып отырады.  Өмір бір орында тұрмайды. Қарындастарым ержетіп, тұрмысқа шықты. Әкемнің де, менің де мойнымнан ауыр жүк түсті. Қабағымыз ашылып, үйде жылы леп есті. Еркін жүріп, ашық сөйлесетін болдым. Бірақ шешеме деген сағынышым басылмады. "Әттең шешем тірі болып, біздің адам болғанымызды көрсе ғой", – деп армандаймын.
Армансыз адам болмайды. Адамды қажытатын ой, қиял ғой. Қазір 80 жас-қа келдім. Сонда да шешемді сағынамын, аңсаймын, армандаймын. Міне, ана осындай ыстық, мәңгілік ұмытылмайды. Сондықтан адам ананың алдында мәңгілік қарыздар. Менің бұл айт-              қандарым, баланың анаға деген сүйіспеншілігі.  Ал ананың балаға деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
Мұса пайғамбар бірде; "Ей, Раббым, жаннатта бірге болатын кісіні көрсеткін", – деп тілек білдіреді. Сонда Алла Тағала: "Пәлен базардағы қасапшы сенің жанната бірге болатын адамың", – дейді. Мұса оны тауып алады. Мұса (с.ғ.) одан: "Сіздің үйге құдайы қонақ болуға бола ма?" – деп сұрайды. Қасапшы қуана кетеді де, үйіне қарай бастай жөнеледі.  Мұсаны (с.ғ.) үйіне әкеліп, тамақ істеп, қасапшы бір бөлмеден қарт кемпірді жетелеп әкеліп тамақтандырады. Тамақтанып болған соң кемпір ауызын әрең жыбырлатып, дұға жасайды. Кемпірді орнына жайғастырып келген қасапшыдан Мұса (с.ғ.) пайғамбар: "Бұл кісі кіміңіз еді?", – деп сұрайды. Қасапшы: "Менің анам. Көп жылдан бері төсек тартып жатыр, – дейді. Содан бері бағып, қағып келемін. Ал, анашымның Алладан тілегі біреу-ақ: "Ей Алла! Баламды жаннатта Мұса (с.ғ.) пайғамбармен бірге болдыра гөр", – дейді. "Онда қуана бер, сол Мұса пайғамбар менмін", – дейді құдайы қонақ.
Ата-ананың тілегін Алла қабыл етеді. Менің анам да маған ризалығын беріп, жақсылық тілеген шығар. Әрқашанда жолым болып, ойлағаным орындалып келеді.
Ата-анасын сыйламау, құрметтемеу исламға, мұсылманға, жалпы қазақ ұлтына жат іс-қылық. Құран кәрімде ата-анаға зекіп сөйлемеуге, оларға сыпайы мінез танытуға бұйырады. Ата-ана риза болса, саған Алла Тағала да риза. Ата-ана баласының адам сүйсінерлік жақсы ісіне, қайырымдылығына, даналығына, білімділігіне, мерейінің өскеніне, өздерін аялап күтіп баққанына қуанып, мар-қаяды, ал жаман істеріне күйінеді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хади-сінде: "Кімде ата-анасының ризалығын алса, Алла Тағала оның өмірін ұзартады" – деген. Ата-ананың қадірін білу үшін, балалы болуды күтпей, бала кезінен бастап, әке-шешеңді тыңдап, сыйлап құрметтегенге не жетсін.
Анаға құрмет – адамзат баласының ең асыл қасиеті. В.Распутин: "Ұятшылдық дегеніміз – өзінің анасын жақсы көру сияқты. Әр адамның өз анасы өзіне ыстық. Ол – ең дана, ең мейірбан, ең ақылды, ең сұлу, қысқасы, жұрттың бәрінен артық, қасиетті жан. Оған ешкім тең келмейді. Мен барлық аналарды құрметтеймін, алайда өз анама өмір бойы қызмет етемін", – деген. Бұл барлық балалардың алдына қойған мақсаты, арманы. Ал осы арманға жете алмау қандай ауыр, өкінішті. Анасын өмір бойы сағынып, аңсау осы арманына жете алмағандарға көбірек қатысты.
З.Қабдолов: "Жер үстінен анаң кетті дегенше, осынау жарық дүниеге деген жан жылулығының жарымы қараң қалды десеңші!", – деуі анасынан ерте айырылғандардың жүрегінің жылуы әлсірейді дегендей.
Менің анамды осы уақытқа дейін сағынып аңсауым, балалық кезде жүрекке түскен жараның, қартайғанда да жазылмай, сыр беруі шығар. Ана – жасқа да, кәріге де ана. Оның саған сыйлаған жүрегінің жылуы мәңгі суымайды. Сол себепті де мен анамды естен шығара алмай, сағынып аңсаймын. Топырағың  торқа, иманың серік болсын, қайран анам!
Әкімбек қажы ҚАБДЕНҰЛЫ.
Әулиекөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓