Дәстүрлі додадан жүлдемен оралды

Мадина ЗиядиноваАрман қала – Алматының төрінде биыл он бірінші рет "Ақ көгершін" атты балалар шығармашылығының республикалық конкурсы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінің талантты ұл-қыздарын жинаған дәстүрлі додадан Рудныйлық оқушылар да құралақан қайтпады.
Кеншілер шаһарының намысын абыроймен қорғап, үкілі үміттерді ақтаған №19 орта мектебінің оқушылары Мәдина Зиядинова, Лаура Ешниязова, Таңшолпан Өтеева мен Олжас Байболовқа қандай мақтау айтса да жарасарлық. Себебі, олар "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды" анықтайтын бәйгеде еш іркілмей, талантымен оңтүстік астананың жұртшылығын тәнті етті. Байқаудың вокалдық өнер аталымында 6-сынып оқушысы Мәдина Зиядинова халық әні "Балапан қаз" бен Бейбіт Сейду-әлиеваның орындауындағы "Ана жүрегі" әнін акапелламен шырқап, 1-орынды иеленді. Өзімен бақталас 21 оқушыны артқа тастап, байқаудың үздік вокалисті атанған Мәдина 3 жылдан бері қалалық Оқушылар және жастар сарайының "Гармония" вокалдық өнер студиясында дайындалады. Қалалық, облыс-тық ән байқауларында үнемі жүлдемен оралып жүрген ол "Алтын микрофон" халықаралық конкурсының шешуші кезеңіне де сүрінбей өтіпті. Ал оның үзеңгілесі Олжас Байболовқа "Сүгірдің" термесін нақышына келтіріп орындағаны үшін "Үздік дипломант" арнайы дипломы бұйырса, көркемсөз оқу аталымында Лаура мен Таңшолпанның асығы алшысынан түсті. Лаура Ешниязова М.Шахановтың "Отырар" поэмасы мен Б.Майлинның "Күлпәш" прозасынан үзінді оқып, 1-орынды қанжығасына байласа, Таңшолпан Өтеева Ғ.Мүсіреповтың "Ананың арашасы" мен Ш.Құдайбердиевтің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасын сәтті орындап 2-орынды місе тұтты. Фес-тивальдің ұйымдастырушылары 4 бірдей оқушының қабілетін ашып, жоғары деңгейде даярлағаны үшін ұстаздары Ә.Усманова мен Г.Омароваға да алғыс хаттар табыстады. Осылайша үлгілі басшы Серік Мырзахметов басқаратын мектеп ұжымының мерейі өсіп, көптің құрмет-қошеметіне бөленіп қалғаны хақ.
Қуаныш       
     ЕСҚАБЫЛ
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓