Би-ағаңды бағалап жүрміз бе?
2008 жылы қызмет бабымен Асенкритов селосында болғанымда ауыл ақсақалдары "Қарағым, жөн білетін бала сияқтысың. Аудан аты табаны тимеген, еңбегі сіңбеген кісі Таран есімімен аталады.
Бейімбеттің осы ауданда дүниеге келгенін еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін біледі. Ауданымыздың атын "Бейімбет Майлин" деп атасақ осы күнгі зиялы азаматтар тақтарынан түсіп, айдалып кетпес" деген еді. Ауыл ақсақалдарының сөзі жерде қалмасын деп жазған мақалам басылымда жарық көрген еді. Биыл Бейімбет Майлиннің 120 жылдығы екенін көзіқарақты ағайынның бәрі біледі. Аудан көлемінде іс-шаралар өтетінін ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Рас, кейінгі жылдары ономастикалық заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Нысандарға адам атын беру шектелді. Бірақ, халықтың сөзін жерге тастағанымыз дұрыс па? Қазіргі Таран ауданының әкімі Бақберген Қасымұлы ініміз қызметке тағайындалған кезде газет бетінде аудан атын Би-ағаңа беру керек деген жақсы мақала шыққан еді. Алайда, айтылған сөз айтылған жерінде қалғаны жаныңды ауыртады.
Баймұхан ТЕМІРБЕКҰЛЫ,
Қостанай ауылшаруашылық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.