«Өнер толқынында»
Жас суретші Мейрамгүл Ордашеваның «Өнер толқынында» атты көрмесі қаламыздағы көркемсурет галереясында ашылды. Бұл ғажайып әлем Мейрамгүл үшін балалықтан басталған. Бірде ағасы қарындасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы туралы кітапты сыйға тартқан. Суретті кітап бала жүрегінде өзіндік ізін қалдырса керек. Кішкентай суретші сол сәттен бастап әрдайым сурет сала бастады.
– Мейрамгүл, бүгінгі көрмеңіз қандай тақырыптарды қамтыған?
– Туған жерге деген сүйіспеншілік менің көп жанрлық картиналарымның тақырыбының бірі. Мен көбіне басты нысанға – туған жер, ел, қазақы дәстүрді аламын. Менің шығармашылығымда балалық әсер мен жарқын оқиғалардың бәрі де тоғысқан. Туындыларымда елімізге белгілі суретшілерінің көбісінде кездесетін ұлттық сюжет сарындары кездеседі. Картиналардың тақырыбы да соған сай «Бәйге», «Күрес», «Көкпар», «Жайлау» тағы да басқа. Таңдаған тақырып қана емес, композициялық шешімінен «классикалық» палитраны таңдаудан өнермен үндестік байқалады.
– Сіз енді танылып келе жатқан жас суретшісіз. Оның сыртында кішкентай екі балаңыз бар. Әйел адамға осындай жұмыспен айналысу қиын емес пе?
– Әрине, кішкентайлы болған соң көп уақытым отбасының тіршілігіне кетеді. Бірақ мен үшiн сурет салудан артық рухани ләззат жоқ. Қолым қалт еткенде қолыма қылқалам алып, қиялымда жүрген дүниені салуға асығамын. Шабытты шақтарда бір күннің ішінде бітіріп шығарған дүниелерім бар.
– Әр адамның жан дүниесіне жақын бейнесі болары сөзсіз. Сіздің бейнеңіз қандай?
– Жаңа айта кеткендей, қазақы дәстүр, пейзаж салғанды ұнатамын. Бірақ бәрінен де жылқыларды бейнелеу мен үшін жоғары тұрады.
– Алға қойған мақсатыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Жоспар көп. Ең алдымен әрине, отбасымның амандығын тілеймін. Ана болған соң балаларымның жақсы азамат болып қалыптасқанын қалаймын. Одан қалды бүгінде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының «Өнер» кафедрасының оқытушысымын. Өзімнен кейінгі жастарға үйретерім көп болса екен деймін. Мен шығармашылықпен 2003 жылдан бастап ден қойып айналыса бастадым. Тоқырап қалмау үшін үнемі ізденіс, еңбек керек. Шығармашылық кезеңде екі дербес көрмем ашылды. Бірі Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында болса, екіншісі Челябі қаласындағы (Ресей) «Солнечный дом» жеке галереясында. Ал бұл менің үшінші көрмем. Көпшілік жылы қабылдап жатқан сияқты. Мен үшін бұл маңызды. 2013 жылы жас суретшілердің облыстық «Жас толқын» сайысына қатысып, «Кескіндеме» номинациясы бойынша 2-орынға ие болған едім. Енді Алматыда Ә.Қастеев мұражайында көрме ұйымдастыруды ойластырып жүрмін. Суретшілер одағына мүшелікке қабылданғым келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет. Өнеріңіз өрге шарықтасын!
Айтолқын АЙҚАДАМОВА