Өмірдің кейбір сәттері
Л. Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының өнер туралы әдебиеттер бөлімі жаңа көрменің тұсауын кесті. Бұл жолы суретші Г.Соков түлектерінің еңбектері көрермен қауымына жол ашты.
Бұл көрме суретші шәкірт-терінің алғашқы аяқалысы. Сондықтан болар олар оны "Үміт" деп атапты. Мұндағы авторлардың дені Қостанай мемлекеттік педагогикалық колледжінің студенттері. Олар дизайн кафедрасында білім алады. Болашақ суретшілер. Жастарға жол ашып, демеп отырған кітапхана қызметкерлері "Өнердегі жаңа есімдер" жобасы аясында мәдени шараны өткізіп отыр.
– Көрмеге барлығы 5 автордың 25 жұмысы ілінген. Олардың қай-қайсысы болмасын өзінің ерекшелігімен еркіңізді баурап алады. Егер техникалық жағына назар аударар болсақ, бұл жерден майлы бояуды да, акварельді де, қызықты графиканы да көруге болады. Әр жұмыстан шығармашылық ізденістер анық сезіледі. Бұл жерде ештеңе көшіріп алынбаған, қайталанбаған, әр сурет өзінше талпыныстан, ізденістен туған, – дейді өнер бөлімінің меңгерушісі Ләззат Төлекова.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суретте: көрменің ашылуында.