Тіл үйрету үшін де әдістеме керек
Қостанай қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси комитетінің "Қазақстандағы этникалық топтардың тілдерін оқыту бойынша көптілді инновациялық әдістемесін әзірлеу" жобасы бойынша аймақтық семинар болып өтті. Осы оқу-әдістемелік кешеннің мақсаты – көптілділікті енгізу мен тарату, тілдерді үйретудің инновациялық әдістемесін әзірлеудегі, тілдерді оқытуды ғылыми және технологиялық қолдаумен қамтамасыз ету.
Оқу-әдістемелік кешен дайындау барысында лингвист-ғалымдар мен практик оқытушылар, жексенбілік мектеп ұстаздарынан құрылған жұмыс тобы Ресейдің Мәскеу мен Түркия Республикасының Измир қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына барып, тілдерді оқыту мәселелеріне қатысты семинар, конференцияларда тәжірибе алмасқан екен. Жұмыс тобы Ресей Халықтар Достығы университетінде, Түркия сапарында Эгей университеті Түркі әлемі ғылыми зерттеу институты, Докуз Ейлюл Университеті Тілді зерттеу және Үйрету орталығында болып, этникалық топтардың тілдерін оқыту бойынша көптілді инновациялық әдістемені әзірлеу бағытында тіл білімі мен әдістеме әлемінде танымал әдістемеші ғалымдармен кездесіп, ғылыми кітапханалардан теориялық және практикалық материалдар жинақтады.
Семинар барысында Павлодар қаласындағы "Ана тілі" орталығының директоры Зәуре Мәмбетова модератор болып, іс-шараны жүргізіп отырды. Семинарда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси комитеті тіл саясатын талдау және мониторинг басқармасының сарапшысы Гауһар Жанатайқызы, Қазақстан халқы ассамблея-сы Қостанай облыстық хатшылығының меңгерушісі Бағытұр Дәндібаев, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов, Инновациялық Еуразия университетінің "Журналистика және орыс филологиясы" кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Бейсембаев (жоба жетекшісі), Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының "Қазақ тілі мен әдебие-ті" кафедрасының меңгерушісі Қ.Ерғалиев сөз сөйлеп, бүгінгі таңда тіл үйрету, мемлекеттік тілдің ауқымын кеңейту, этникалық топтарға тіл үйрету барысында инновация-лық әдістемелерді қолданудың қажеттігі туралы айтып өтті. Өз сөздерінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың "Қазақстан–2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптілділікті оқытудың өзек-тілігін, себебі "біздің еліміздің ең маңызды және негізгі басымдылығы көпұлттылық және көптілділік болып табылады" деп атап көрсетілгенін де тілге тиек етті. Сондықтан да еліміздегі ұлттық білім беру жүйесі бүгінгі таңда полилингвалды болуды қажет етеді. Өскелең ұрпақ қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде және шетел тілінің бірін жалпы мәдени даму құралы ретінде білуі тиіс.
Гүлназым
САҒИТОВА