Облыстық мәслихат былтырғы жылды қорытты

Өңір басшысы Нұралы Садуақасовтың қатысуымен Қостанай облыстық мәслихатының кезекті сессиясы болып, мемлекеттік жастар саясатының жергілікті жерде жүзеге асырылуы мен облыстық мәслихаттың былтырғы жылғы атқарылған жұмыстары қорытындыланды.жастар маслихат
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жастар ісі жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова бұған егжей-тегжейлі тоқталды. Әсіресе, олардың жұмысқа орналасуы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі сияқты мәселелер түйткілінің әлі де орындалып жатқанын сөз етті.
Біздің өңірде жасы 14 пен 29-дың арасындағы жастарымыз 230 мыңға жуық екен. Яғни, барша тұрғындарымыздың 26% құрайды. Әлеуметтік зерттеу деректеріне сүйенсек, олардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгендері 65-70% көлемінде ғана болып шыққан. Әр қала, аудан орталығындағы жастар ісі жөніндегі бөлімдер әлі күнге дейін осы мәселені шешумен айналысып келеді. Сондай-ақ, салауатты өмір сүруге де қызықтырушылық іс-шаралары ұйымдастырылады екен.
– Жастарды қолдау мақсатындағы «Жастар тәжірибесі», «Жасыл Ел», «Дипломмен ауылға» әлеуметтік бағдарламалары қазір қарқын қосып дамып келеді,- деді Динара Иосифқызы. – 2009 жылдан бастау алған ауылға жас мамандарды тартатын бағдарлама өңіріміздің барлық аудандарында іске асырылып, содан бері 3300-ге жуық маман тартылған. Тек қана өткен жылы 500-ге жуық жастар мамандығына сай ауылда қызмет атқарып отыр.
Иә, бұл мәселенің өңірде жақсы дамып жатқан көңіл қуантады. Бірақ ауылдарға сонда да дәрігер мамандығы тапшы. Міне, сол мәселе тұрғысына келгенде Д.Қарымсақова:
– Бұған әрине, денсаулық саласы басқармасымен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Кей жерлерде керек мамандыққа зәрулік болып тұр,- деп ашығын айтып, бұған болашақта жоспарлы түрде жұмыс істейтіндіктерін жеткізді.
Осы мәселе ауанында тағы бірнеше жастарымыз да өз ойларын жеткізді сессия барысында.
Ал, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов алдымен Елбасының халыққа Жолдауына тоқталды. Сондағы жергілікті билік пен өкілетті органдардың бірлесе атқаратын жұмыстарын тізбелеп өтті.
– Былтыр біз үшін ерекше жыл болғандығын жасырмаймыз. Мәслихаттарға 20 жыл толып, сол аралықтағы барлық атқарылған шауралар қатталып, тарихқа жазылды. Қазір өңір экономикасы қалыпты деңгейде,- деді мәслихат хатшысы. – Бірақ бұл үшін жайбарақаттық танытуға болмайды. Облыстық бюджетті де бекітер кезде біздер әр саланың өрісті дамуын ойлап, қадағалап отырамыз. Биылғы жылы да сол қарқында жұмыс жүргіземіз,– деп сөзін түйіндеді.
Бұдан кейін Нұралы Садуақасов жастар ісі жөніндегі басқарманың һәм облыстық мәслихаттың атқарып жатқан қызметтеріне пікір айтып, әр істің, әр саланың өз түйіні болатынын, бірақ соны дер уақытында шешу қажеттігіне тоқталды. Себебі, жалғанды жалпағынан басқан қаржы дағдарысы бізді әр тараптан ойлауға жетелеуде. Сондықтан қай істі болмасын мұқият зерттеп, тиянақтап жұмыс жүргізген қажетті-ақ деген рәуіште сөз айтып, қорытты.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓