“Жігіт сұлтаны–2014”
16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күніне арналып облыстық қазақ жасөспірімдер театрында қалалық ішкі саясат бөлімі мен мәдениет сарайының ұйымдастыруымен "Жігіт сұлтаны–2014" байқауы өткізілді.
Сайыс "Тегімді менің сұрасаң, тәуелсіз елдің ұланымын"– ұлттық киім үлгісінде өзін таныстыру, "Өнерліге – өріс кең" – өнер сайысы, "Күш атасын танымас" – спорттық сайыс, "Ұлды ұясында баулы" – сұраққа жауап беру, "Егер де мен…" – өзі еліктейтін тұлғаның бейнесін көрсету.
Дүбірлі доданы Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенті "Жігіт сұлтаны–2013" қалалық, облыстық байқауының жеңімпазы Ниязбек Оразов сәттілік тілеп, ашып берді.
Сайысқа қала және қалаға қарасты ауыл өңірлерінен 9 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде Фурманов ауылының үкілеген жүйрігі Біржан Төлегенов бас жүлдені қанжығасына байлады. Өзге қатысушылар да кейінгі жүлделі орындарды бөлісіп, номинациялар бойынша дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суретте: Қалалық "Жігіт сұлтаны–2014" байқауының жеңімпазы Б. Төлегенов
Суретті түсірген автор.