БЕЛГІСІЗ АҢ ТАБЫЛДЫ
Жанкелдин ауданының аумағынан белгісіз аң табылды. Тұрқы түлкі шамалас, құйрығы ұзын, түсі қызыл-қоңыр, басы аюға ұқсайтын аңды Қарағаш қонысындағы Таңат Тәжібаев деген шаруаның балалары тауып алған екен. Таңат ағамыздың баласы Дулат Тәжібаев таңертең мал жайлауға шыққанда белгісіз аңның өліп жатқанын көреді.
– Шамасы қорадағы малға шабуыл жасамаққа келген. Түн ортасында әлгі аң қораның дәл іргесіне дейін жақындайды. Бірақ абырой болғанда иттерім талап өлтірген. Енді ,міне, ақпарат құралдарын құлағдар етіп отырмын,- дейді Дулат Тәжібаев телефон арқылы сөйлескенімізде. Жергілікті тұрғындар бұрын байқамаған хайуанатты росомахаға ұқсатып отыр. Ал росомаха көбінесе Солтүстік Америка мен Скандинавия түбегін мекен етеді. Тырнақтары ұзынша келген, денесі борсықтан сәл ғана үлкен жыртқыштар тобының өкілі. Қазақстанда кездеспейтін аңның Торғай жеріне қалай келгені беймәлім. Қазір аңның өлі денесі шаруаның қорасында ілініп тұр. Айтуларынша, оның салмағы 10-15 келі шамасында.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген Дулат Тәжібаев