Мәселеге құзырлы орган араласты
«Қостанай таңы» газетінің сайтында 28 ақпан күні «Екпе ем болып жатыр ма?» (https://old.kostanaytany.kz/archives/19471) және 2 наурызда «Диагноздан жаңылған дәрігерлер» (https://old.kostanaytany.kz/archives/19533) сондай-ақ, 3 наурызда газет бетінде «Екпе ем болып жатыр ма? немесе сырқатқа не себеп болды екен?» атпен мақала жарияланған болатын. Онда А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ І курс студенті Қолқанат Тоқтар ақпан айының 19 күні қызылшаға қарсы вакцина қабылдағаннан кейін өзін нашар сезіне бастағаны жазылған. Облыстық аурухананың инсульт бөлімшесінде жатқан науқасқа дәрігерлер «менингоэнц» (мидың қабынуы салдарынан жұлынға зақым келуі – автор) диагнозын қойғаны келтірілген. Бірақ бойжеткен мұндай диагнозбен келіспейтінін айтып, жағдайының әлсіреуіне екпе әсер етті деген-ді.
Аталған мәселеге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлшат Байжұманова түсінік беріп, диагноз жөнінде нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Дегенмен компьютерлік томография қорытындысы бойынша менингит белгілері жоқ екендігі анықталғанын айтқан болатын. Сол себепті бұл жағдай басқарманың назарында болады деді.
Осы мәселеге тілшілер араласқаннан кейін Қолқанат Тоқтар жатқан кереуеттегі диагноз да «менингоэнцтен» «фебрильная реакция» болып өзгеріп шыға келді. Біз аталған мәселеге қатысты өңірдегі бірқатар мекемелерге тексеру жүргізуін сұрап, хаттар жолдадық.
Наурыз айының 5 күні Қостанай облысының прокуратурасынан осы іске қатысты тексеру жүргізіп жатқаны жөнінде жауап хат келді. Онда Қолқанат Тоқтардың неврология бөліміне ауыстырылғаны, оның денсаулық жағдайының қалыпты екені көрсетілген.
«Аталған факті бойынша Қостанай қаласының прокуратурасымен Медицина және фармацевтика саласындағы бақылау жөніндегі департаменттың қатысуымен тексеру жүргізіліп жатыр» дейді облыстық прокуратураның 1-ші басқарма бастығы А.Сыздықов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ