Өмір жасыңды ұзарту өз қолыңда!

Елбасымыз өзінің жыл сайын-ғы Жолдауларында үнемі денсаулық саласына баса мән беріп, жалпы қазақстандықтардың  денсаулығын дұрыстауға қатысты нақты тапсырмалар беріп, нәтижесінде түрлі бағдарламалар қабылдануда. Осы мақсатта қолға алынған "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы да халықтың денсаулық сақтау жүйесіне үлкен серпін беруде. Бұл бағдарламада 2015 жылы халықтың орташа өмір сүру жасын 70 жасқа жеткізу көзделген. Олай болса, бұл жетістіктерге жетудің кілті өз қолыңызда ағайын, ол үшін ең бастысы – денсаулықты күтіп, салауатты өмір салтын ұстануды ұмытпаңыз!зож
 Жалпы, денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы. Күнделікті жұмыста жүргенде, деніміз сау болғанда, денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Аздап ауырсақ, өзіміз білетін дәрі-дәрмектерді ішіп, жазылып кетуге тырысамыз. Дәрігерге барудың орнына үйде жатып өзіміз емделе береміз. Ал, шын мәнінде, кез келген аурудың алдын алып, өмір сүру жасын да анағұрлым ұзартуға болады. Ол үшін не істеу керек? Ең алдымен, спиртті ішімдіктер мен темекі шегудің зиянын білген дұрыс. Темекі түтінінің құрамында отыздан астам зиянды заттар бар. Әсіресе, жас балалар мен қарттарға темекі тартуға болмайды. Бұл заттар қатерлі ісіктің пайда болуына тікелей себепкер. Ішімдікке салынып кетуге болмайды. Ішімдікті жақсы көретін адамнан бақытсыздықтан басқа ештеңе күтуге болмайды. Лев Толстой: "Спиртті ішімдік адамның денсаулығын құртады, ең қорқыныштысы – адамның рухы мен ұрпағын жояды" деген екен. Жалпы, денсаулықты сақтап, зиянды әдеттердің алдын алуға болады. Ол үшін дұрыс тамақтануға, уақытында демалуға, дене қимылымен айналысуға көп көңіл бөлу қажет. Әсіресе, жасы ұлғайған адамдарға майлы тамақтарды көп жеуге болмайды. Оның орнына сүт, көкөніс тамақтарын пайдаланған дұрыс. Денсаулық сақтауда дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Қазір тұмау мен жедел респираторлық вирусты инфекцияның өршіп тұрған кезі. Көктем айында бұл ауру қоздырғыштары онан сайын күшеюі мүмкін. Сондықтан, бұл мезгілде де дұрыс тамақтанып, денсаулықты күтуді ұмытпаңыз. Ал, спортпен айналысу – денсаулықты жақсартады. Спорттың ең қарапайым түрі – жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта жарты сағаттай жүгіруге болады. Егер жүгіруге дәрігер рұқсат етпесе, таңғы таза ауада серуендеуге болады. Әртүрлі жаттығулар жасауға да болады.
Ендеше, денсаулығымыз сыр бермесін десек, бірінші кезекте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік. Денсаулығымызға бүгіннен бастап абай болып, салауатты өмір салтын ұстанайық!
Назгүл ЖАЗЫҚОВА,
Қостанай облыстық теміржол ауруханасының
бірінші санатты медбикесі.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓