АНТ АрқМПИ-да
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында ақпараттық-насихат тобы студенттермен кездесу өткізді.
Жастарды жат ағымдардан сақтандыруды мақсат еткен маңызды шараға облыстық АНТ мүшесі, Жітіқара ауданының бас имамы С.Есмурзин қатысты.
– Елімізді дүр сілкіндірген соңғы деректер бойынша Қазақстанның 150-ге жуық азаматы Сириядағы соғысқа аттанып кеткен. Онымен қоймай ғаламтор арқылы өздерінің адамдарды қалай өлтіріп жатқанын, мешіттерді қалай жарып жатқанын көрсеткен бейнебаяндарын жіберіп жатыр. Ол аз болғандай балаларының сол елдің адамдарын тапаншамен басынан атып жатқан көріністерін салды. Бұл жердегі мақсат Сіздер мен біздерді қорқыту және солардың уына уланған адамдарды "Мінеки, біз жихадпен айналысып жатырмыз. Біздің кішкентай балаларымыз да жихадпен айналысып жатыр. Сендер болсаңдар қарап отырсыңдар деп бейбіт халықтың арасына іріткі салып, жихадқа шақыру. Бұл шын мағынасында Отанын сатқан опасыздардың ісі. Дәстүрлі дініміз мұндай қиянатты істерді қолдамайды. Сондықтан, жастарымыз осындай келеңсіздіктерден аулақ болу керек, – дейді Сабыржан қажы Зинелқабиденұлы.
Келелі кездесу барысында осындай көптеген ғибратты ақпараттар айтылып, жат жерде жаны күйзелген қандастарымыздың өрескел істеріне өкініштерін білдірген "Жат ағыммен арбалғандар" атты деректі фильм көрсетілді.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.