“Әйкерім” десе, әй-керім!
Қостанайдағы "Әйгерім" балабақшасы 2012 жылы ашылды. Бұл мемлекеттік "Балапан" бағдарламасы шеңберінде жекеменшік негізде ашылған Тобыл өңіріндегі төрт бөбекжайдың бірі. Кілең нәзік жандылар қызмет ететін мекеме бүгінде 200-ден астам бала тәрбиелейді. Мұнда қырық шақты түрлі бағыттағы мамандар-әдіскерлер, музыканттар, білікті тәрбиешілер жұмыс істейді.
Негізі, "Әйгерім" балабақшасы екі ғимаратқа орналасқан. Алғашқыда бөбекжай табалдырығын 50 бала аттаса, кейін әр жарты жыл сайын бөбектердің қатары көбейіпті. "Сондықтан, тағы қосымша ғимаратты жалға алдық, – дейді балабақша директоры Құралай Шодорова, – бұрын ата-аналар балаларын қаланың әр қиырынан әкелетін. "Балапан" бағдарламасының арқасында бұл проблема өз шешімін тапты. Қазір біздің балабақшаға тек КСК шағын ауданында тұратын бөбектер келіп жүр.
Біз болған "Әйгерім" бөбекжайында сәбилер өз ана тілдерінде тәрбиеленеді. Мұнда тіпті өзге ұлт өкілдері-нің балалары бар. Мәселен, бес жасар Екатерина Науменко есімді бүлдіршін қазақ тілін еркін меңгерген. Аналар мерекесіне арнап көзімізше бір шумақ тақпақ айтқанда еш мүдірген жоқ.
– Маған балабақша өте ұнайды. Достарым өте көп. Күнде неше түрлі ойындар ойнаймыз, билейміз. Қазір 8 наурыз мерекесіне дайындалып жатырмыз,– дейді кішкентай Катя.
Негізі, сәбилерін қазақ балабақшасына бергісі келетін өзге ұлт өкілдері көп көрінеді. Мекеме басшысы Құралай Төлепбайқызы мынадай қызық оқиғаны айтты, бізге.
"Ресейге көшейін деп жүрген орыс кісілер баласын бізге жетектеп әкелді. Олар өз перзенттеріне қазақ тілін үйреткісі келеді екен. Өздеріңіз көшіп бара жатырсыздар, тіл үйретудің қажеті қанша дейміз біз. Ал олар өз дегендерінен қайтар емес. Кезінде өзіміз тілді үйрене алмадық. Ең болмаса баламыз білсін қазақтың тілін", – депті. Қазақ бала-бақшаларында, мектептердегі білім беру сапасының деңгейін өзге жұрт та біледі. Бастысы қазақтың кең қолтық көңілін түсінеді олар.
"Әйгерімде" Айгүл Байсақалова, Анар Күдерина, Лидия Хакимзянова, Сәния Нысанбаева, Бибігүл Егеубаева, Айнұр Инертбаева, Жанар Қорғанбекова тәрізді өз ісіне үлкен жауапкер-шілікпен қарайтын қыз-келіншектер қызмет істеп жүр. Олардың алды осы салада 10 жылдан артық еңбек етіп келеді. Балалар мекемесінің басшысы Құралай Шодорованың да білім беру саласындағы еңбек өтілі жиырма бес жылдан асады. "Бұл менің бала күнгі арманым еді. Балалармен жұмыс істеу қызық әрі зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені, баланың бойындағы бар қасиет бөбекжай табалдырығында қалыптасады", – дейді тәжірибелі маман. Ол рас енді. Бөбектер мұнда өз ана тілдерімен қатар, ағылшын, орыс тілдерін үйренеді. Қазақтың қаршадай ұл-қыздары музыка тілін де меңгеріп, әуелете ән салғанына куә болдық біз. "Әйгерімнің" бүгінгі жетістігі осындай!
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретте: "Әйгерім" балабақшасының ұжымы.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.