Су тасқынына қарсы шаралар белгіленуде

 
 
Жылдағы дәстүрмен Қос­танай қаласы әкімдігі   көктемдегі   қауырт науқан  шараларын белгілей бастады. Солардың бірі  – су тасқынының  алдын алу. 
Маңызды мәселеге   арналған кеңесті қала әкімінің орынбасары Фрунзик  Аракелян өткізді. Басқосуға облыс  орталығындағы  кәсіпорындардың,  мемлекеттік мекемелердің    басшылары  және «ПКСК», «КСП», «КСК»-лардың төрағалары қатысты.IMG_8633
Күн тәртібі бойынша тұрғын    үй инспекциясы бөлімінің басшысы Оразтай Рамазанов баяндама жасады. Оразтай Рамазанұлы    сөзін  қала  көшелерін  қардан    тазалаудан бастады. 
Бұған   дер кезінде  мән   беру   керек.   Асфальт үстін ғана емес, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазартуды  ұмыт  қалдыруға болмайды. Қар күрт еритіндей болса, көшелер  суға толып кететіні анық.
Жылдағыға қарағанда     биыл   көшелер   қар жауысымен тазартылып отырды. Соның нәтижесінде тау-тау болып үйілген қар үйінділерін көре алмайсыз. Игі  істердің жалғасын таба    бергені    дұрыс.
«Арман», «Клубстройтель»   кооперативтері осы тұрғыда   жақсы үлгі көрсетті. Киев  көшесіндегі №26 және 22, Бородин    көшесіндегі  №217 үйлердің   ауласын  қардан толық тазартып, қауіпсіздік шараларын  белгіледі.  
Әйтсе де,  барлық  кооперативтер тасқын судың  алдын   алуға мән бермейді. Мәселен,   «СДС  Қостанай»   жауапкершілігі шектеулі  серіктестігі  Герцен  көшесіндегі №34 үйдің  ауласын  тазартпаған. «Химик», «Стим", «Железнодорожник» кооперативтері қарауындағы тұрғын  үйлердің шатырындағы  қарды сол күйінде қалдырып отыр.    
Дегенмен, әлі де белсенділік  танытпайтындар жеткілікті. Әсіресе, пәтер иелері кооперативтерінің мұршасы жетпей   жатады. Олардың  әдеттегідей   санитарлық тазалыққа  арналған   қаржысы   тым  тапшы.   
Көпқабатты тұрғын үйлердің  ауласын қардан  тазарту, ағынды сулар ағатын  шағын арықтарды қардан алдымен тазарту керек. Себебі, үйлердің жертөлесіне ағып кетуі ғажап емес.
Судың тасқыны жайлы Тобыл өзені жағалауындағы үйлердің тұрғындары жақсы біледі. Жылдар бойы  қауырт науқанға   байланысты  тиісті шаралар белгіленетінін қолдайтын да солар.
Жауапты адамдар Тобыл жағалауын аралап, сондағы тұрғындармен су тасқыны туралы ескертулер жасайды. Үйдің иесі болмай қалған жағдайда, судың тасуы байқалған кезде қандай істер атқару керектігін мәлімдейтін естелік хабарлама қағазды  аула ішінің қолайлы жеріне іліп  кетеді. 
Баяндамашы барлық   кооперативтер наурыз айының бірінші он күндігі ішінде су тасқынына     байланысты кезекшілік кестесін жасап, аталған инспекция бөліміне хабарлауға міндетті екенін ескертті.    
Жиында «Орталық» пәтер иелері кооперативінің төрағасы  Алмат Айдосов пікірін ортаға салды. 
– Қар  көп жауды ма, әлде аздау жауды ма, оған қарамау керек. Кооперативтердің төтенше жағдайларға күн ілгері әзірленгені дұрыс, – деді Алмат Толыбайұлы.
Оның басқаруындағы кооперативтің қарамағына жиырма бес көпқабатты тұрғын үй қарайды. Солардың аулалары кең де ауқымды. Сондағы қарды күреп, сыртқа тасымалдау амалы уақытылы қарастырылған. Аулаларға құм, қиыршық  тастар  әкелінген. Егер де ағынды сулар аулаға ақса, жолын бөгеуге құм да, қиыр­шық тастар да қажет болады.
Ермекбай ХАСЕНОВ
Суретті  түсірген  Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓