Сағыныш
Соғысқа барып аман-есен елге оралғандар оқ пен оттың ортасындағы өз өмірінің тарих парағына айналғанына куә да болды. Солардың бірі 26 жасында өзге де жерлестерімен бірге Отанын қорғау үшін соғысқа аттанған менің әкем Мүсірәлин Ізбасар еді. Әкем ауыр қиыншылықтарды бастан өткізіп, атылған оқтан жараланса да аман қалып, елге оралып, біз сияқты ұрпақтарын өмірге әкеліп, бейбіт өмірде абыроймен еңбек етіп, елге сыйлы, құрметтісі болуы біздер үшін мақтаныш дер едім. Әкем Шұбаркөлде соғыс алды дайындығынан өтіп, Украина майданының 380 атқыштар полкінің атқышы болып талай ұрыстарға қатыса жүріп, сержант әскери шеніне де ие болған. Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Жеңістің атаулы жылдарының орден-медальдарымен марапатталды. 2004 жылы Украина жерін азат еткеніне 60 жылдық мерекесіне орай Украина Президенті Л.Кучманың құттықтауы мен мерекелік медалімен марапатталды. Соғыстан оралған 1946 жылдың басынан бастап ұжымшарларда кітапхана меңгерушісі, парторг, ауылдық Кеңестің хатшысы, бөлімше меңгерушісі, кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары сияқты сеніп тапсырылған жұмыстарды абыроймен атқарып, елге сыйлы, құрметті азамат бола білді. Ол кісінің жақсылығы мен елге деген жанашырлығын, келешек ұрпақтың тәрбиелі, әдепті де білімді болып өсуіне қосқан үлесін ауылдастары әлі күнге дейін айтып отырады. Оқ пен оттың, өмір мен ажалдың арасынан аман келіп, келешек ұрпаққа елін, жерін сүюге, аталар дәстүрін жалғап, еңбек етуге үйретуден жалықпаған әкем 1999 жылдың 8 мамыр күні 85 жасында өмірден өтті.
Санақ ІЗБАСАРОВ,
Қаратүбек орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні оқытушы – ұйымдастырушысы.
Жанкелдин ауданы.