Өнегелі ғұмыр
Жанділдин Еламан Жанділ-дәұлы 1916 жылы 29-ші наурызда Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Айырқұм бөлімшесі, Жыланшылық өзенінің бойында дүниеге келген. Төрт сыныптық білімі бар. Әкесі Жанділда 1928 жылы ұжымдастыру уақытында бай молданың тұқымы деп ұсталып, қаза табады. Анасы Бадиша мен апасы Балиша, екі інісі Боранбай мен Боранқұлды жеткізу он екі жастағы үйдің ер азаматы Еламанға ауыртпалық түсірді. Отбасын асырау үшін жұмысқа ерте араласты. 1932 жылғы ашаршылық нәубетін басынан өткізіп, 1934 жылдан бастап егін шаруашылығында еңбек еткен. 1936 жылы кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, екі жылдан соң Отан қорғау борышын өтеп елге оралады.
Бұл отбасын 1937 жылдардағы жазалау толқыны шарпып өтті. Арқа сүйер немере ағасы Дәулетбай да осы жылы жазықсыз жазаланып елге он үш жылдан кейін 1950 жылдары ғана оралған. Дәулетбайдан – Бал-дырған. Балдырғаннан– Асылбек, Арайлым, Абайгүл, Армангүл есімді балалары бар. Өзі 1941 жылы Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып соғыста қатардағы жауынгер болған.
Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген інісі Боранбай да 1942 жылы соғысқа шақырылып, содан елге оралмаған. Жауынгердің жерленген жері әлі күнге белгісіз. Тәуелсіздік алған жылдары әкеміздің інісі Боранбайдың әскердегі жолдасынан хат келген. Сол сәтте әкеміз інісі тіріліп келгендей күй кешіп, қатты қуанды. Бір жапырақ қағазды қайта-қайта оқытып, тыңдайтын.
Әкеміз Еламан көзі тірісінде соғыстың ауыртпалығын айтып отырушы еді. Қасіретке толы естеліктерінде "Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты" дейтін. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Жас жауынгерлер небары үш ай дайындықтан өтіп, ұрыс даласында Отан үшін от кешті.
– 1942 жылы Ленинградты қорғауға жаяу әскер қатарына жіберілдім. Майданда жауырынымнан жараланып, госпитальға түстім. Госпитальда екі айдай жатып емделдім. Бұл 1944 жылы еді. Қасымда татар ұлтынан Әлімқұл деген жігіт болды. Бар күшімізді салып Днепр өзенін қорғауға аттандық. Біздің бір ғана мақсатымыз болды. Ол – жауды жеңу. Мақсатымызға жеткен күні болатын, ол бастан кешкен қиын- дықтарды ұмыттық. Ал 1945 жылы орыс-жапон соғысына жіберілдім. Ұлы Жеңістен кейін 1947 жылы елге аман-есен оралып, көпшілікпен бірге соғыстан кейінгі қиыншылықтармен күрестім,– дейтін әкеміз Еламан Жанділдин.
Елге келген соң 1949 жылы отбасын құрды. Жары Қоңыршамен қырық бес жылдай отасып, бес бала тәрбиелеп өсірді. Қыздары Бақыттыкүл мен Балбибі ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған зейнеткер жастағы бақытты аналар. Ұлдары Темірхан мен Оразалы жеке кәсіпкер. Кенже қызы Балкенже Ы.Алтынсарин атындағы гимназияда тарих пәнінің оқытушысы. Апасы Балишадан Күлзия, Айтуған, Бақзада, Базаркүл, Базар есімді балалары қалды. Қазіргі таңда олардың арасынан Айтуған мен Базаркүл-де бақилық болды. Боранкүл інісі 12 жасында қаза тапса, Боранбай әскерден оралмады. Әкеміз Отан алдындағы ерлігі үшін "Кеңес Одағының батыры Жуков медалімен", "Жеңістің 30 жылдығы", "Жеңістің 40 жылдығы", "Ұлы жеңістің 50 жылдығы" мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Пре-зидентінің атынан марапатқа ие болды.
Соғыстан кейін отыз жыл қой бағып аға шопан атанып жемісті еңбек етті. Жоғары Кеңестің "Ветеран труда" медалімен марапатталып, зейнеткерлікке шықты. 2000 жылы 4 қазанда 84 жасында қаза тапты. Ендігі біздің парызымыз – ата-баба ерлігін ұрпаққа үлгі ету. Олардың ерлік істерін ешкімде еш қашанда ұмытпауымыз тиіс.
Балкенже ЕЛАМАНҚЫЗЫ,
Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның ұстазы.
Арқалық қаласы.