ҮРПЕК
Бүгінде Аманкелді ауданында 11 ауылдық округ бар. Солардың арасында Үрпек – маңдайалды ауылдық округ саналады. Қай жағынан болмасын округ халқы көш басынан көрініп келеді.
Үрпек Аманкелді ауданы бойынша Асан Қайғы атамыз айтқандай «қара суы бал татыған, ақшабағы май татыған Торғай» өзенінің жағасында орналасқан бірден-бір ауыл. Аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта. Ауылдық округ құрамына Үрпек, Ағаштыкөл, Қосжан, Қарашатөбе елді-мекендері кіреді. Қазіргі таңда округте – 1719 адам тұрады. Аудан орталығы – Аманкелді селосынан кейінгі халқы көп ауыл саналады.
Округ негізінен мал және бау-бақша, жеміс-жидек өсірумен айналысады. Ауылда – 4 412 ірі қара, 5 914 қой, 3 066 ешкі, 1 682 жылқы, 41 түйе бар. Түйе шаруашылығы аудан бойынша тек қана осы ауылда дамытылуда.
Үрпек ауылдық округінде етті мал шаруашылығын дамыту, өнімді көп беретін асыл тұқымды мал басын көбейту және еттің экспортын ұлғайтуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасына мал өсірушілер белсене қатысуда. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 3 шаруа қожалығы – 22 миллион 800 мың теңге несие алып, 122 ірі қара, оның ішінде 115 сиыр, 7 асыл тұқымды бұқа сатып алып, аудан шаруа қожалықтарына үлгі болды. Атап айтар болсақ: «Дария» шаруа қожалығы – 10 миллион теңге несие алып, 56 ірі қара, 3 асыл тұқымды бұқа және «Беларус» тракторын сатып алса, «Нарбай» шаруа қожалығы 9,3 миллион теңге несиеге – 42 сиыр, 2 асыл тұқымды бұқа, «Еконай» шаруа қожалығы – 3,5 миллион теңге несиеге 17 сиыр, 1 бұқа сатып алған.
2011-2014 жылдар арасында мал басын асылдандыру мақсатында округ бойынша 7 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, 50,5 миллион теңге несие алып, 272 ірі қара, оның ішінде 250 сиыр, 17 асыл тұқымды бұқа алған.
Ал биылғы жылы «Нарбай», «Еконай» шаруа қожалықтары – «Құлан» бағдарламасына, «Алтыбас», «Дос» шаруа қожалықтары – «Сыбаға» бағдарламасына, «Дария», «Шалқар», «Ернұр» шаруа қожалықтары Индустрияландыру картасынан тыс жобаға қатысуға ниет білдіріп, керекті құжаттарын дайындап жатыр.
«Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы жалпы көлемі – 10,7 миллион теңге несие алып, мал шаруашылығын дамыту үстінде. 2014 жылы «Бейсен» шаруа қожалығы – 3 миллион, «Баймұрат» шаруа қожалығы – 3 миллион теңге, «Сағадат» шаруа қожалығы – 2,3 миллион, «Ақжол-С» шаруа қожалығы – 2,3 миллион,«Айбек» шаруа қожалығы – 1,8 миллион теңге шағын несие алған.
2015 жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасына 4 шаруа қожалығы қатысуға құжаттарын дайындауда.
Округте 10 жеке шаруа қожалығы бақша дақылдарымен айналысады. Өткен жылы 76,5 гектарға бақша және көкөніс егілген. Мұның ішінде 30,7 гектар жерге картоп егіліп, 340 тонна өнім алынған. Оның бір гектарға орташа шығымдылығы – 110,8 центнер болған. Ал 26,2 гектар жерге көкөніс егіліп, одан 278,6 тонна өнім алынған. Бір гектарға шығымдылығы – 106,3 центнерден оралған. 19,6 гектар жерге бақша дақылдары егіліп, 202,1 тонна өнім алынған. 1 гектарға шығымдылығы – 103,1 центнерден келген.
Ауылдық округте Индустрияландыру картасынан тыс «Ұлы дала» шаруа қожалығы негізінде мал шаруашылығы кешенді құрылысын салу және ірі қараны 400-ге, жылқыны – 250-ге, қойды – 1000-ға жеткізу жобасы енгізілген. Жобаның жалпы құны – 200 млн.теңге. Жобаны игеру – 2012 жылы басталып, 2014 жылы толығымен жүзеге асырылған. Шаруа қожалығы қазіргі таңда Күлік елді мекенінде 3 пәтерлі 4 тұрғын үй, 6 мал қорасын салған. Ірі қара мал әлі де сатылып алынуда. Жұмысшылар үшін толық жағдай жасалған. Үйлерге электр движогымен жарық беріледі және «Отау ТV» арқылы теледидарды күнделікті көріп отырады. «Ұлы дала» шаруа қожалығы жұмысшыларының орташа айлық жалақылары – 70 000 теңге. Қысқа жеткілікті жем-шөп қоры жасалған.
2014 жылдың қараша айында облыс әкімі Н.М.Садуақасов шалғайда жатқан «Ұлы дала» шаруа қожалығына арнайы түрде барып, оның жағдайымен танысты. Шаруа қожалығының қол жеткізген нәтижелеріне ризалығын білдіріп, сәттілік тіледі. Шаруа қожалығы алдағы уақытта да мал қоралары мен тұрғын үйлер санын арттырмақ. Сонымен қатар ауыл халқына арнап монша, МТМ, гараж, медпункт, бастауыш мектеп салуды жоспарлап отыр.
Ауылдық округте кәсіпкер Таңатар Ахметов көптеген игілікті істер тындыруда. Ол өз қаражаты есебінен Үрпек ауылының орталығында заманауи үлгідегі 250 орындық тойхана салып, пайдалануға берді. Тойханада 3 адам тұрақты жұмыс істейді. Жобаның құны – 10 миллион теңге. Қазір ауыл халқы осы тойхананың игілігін көруде.
Жеке кәсіпкер Г.Ахметованың қарамағында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның наубайханасында күніне 350 дана нан, 350 булочка, торт және рулет өнімдері шығарылады. Нанның бағасы тұрақты – 40 теңге. Ауыл дүкендеріндегі азық-түлік өнімдерінің бағалары күнделікті бақылауда.
Округ бойынша Үрпек-Аманкелді бағытында 2 «ПАЗ» автобусы тұрақты жүреді. Автобустардың бір бағыттағы жолақысы – 150 теңге. Округ бойынша 6 жеке меншік монша сенбі, жексенбі күндері тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Өткен жылы округ бойынша кедейшілік деңгейі экономикалық белсенді тұрғындардың 9,0 пайызын құраған. 21 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Барлық жеке меншік түріндегі кәсіпорындарда 58 жаңа орындары ашылған.
Ауыл бойынша мемлекеттік атаулы көмек алатындар 3 адам. 2015 жылдың басында мемлекеттік атаулы көмек алатындардың саны – 1 адамды құрап отыр. Екі адам жұмысқа орналастырылған. Кедейшілік деңгейі экономикалық белсенді тұрғындардың – 0,1 пайызды құраған. Биылдың өзінде жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмысқа 9 адам тартылған.
Округ бойынша мемлекеттік балалар жәрдемақысын 130 отбасы алады. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша 1 адам қайта даярлаудан өтіп, жұмысқа орналастырылған.
Үрпек ауылында барлық салық түрлері бойынша төлем өткен жылы 100 пайызға орындалған. Ауылда 1 орта, 2 бастауыш мектеп бар. Оларда 300 оқушы білім алады. Бір мезгілдік шағын орталықта – 50 бала, балабақша типіндегі шағын орталықта – 25 бала, мектепалды даярлық сыныбында – 34 бала оқуға тартылған. Балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Ауылда көші-қон жоқ. Қайта көшіп келушілер саны жылма-жыл арта түсуде. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, түскен қаражатқа 40 оқушыға киімдер мен оқу құралдары алынып беріледі. Ауылда 1 орталық ауылдық емхана, 3 медпунк халыққа қызмет көрсетеді. Оларда жоғары білімді екі дәрігер, орта буынды 9 медбикелер қызмет етеді.
Үрпекте жыл сайын тазалық айлығы көктемде және күзде тұрақты жүргізіледі. Оның барысы екі мезгіл қорытындыланып, жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталып отырылады.
Көктем және күз айларында «Байдәулет» учаскесіндегі жеміс-жидек бағынан жас көшеттер әкелініп, егіледі. Ауыл тұрғындары өз аулаларына жеміс-жидек, көкөніс егуді дәстүрге айналдырған. Өткен жылы 4 көшеге жарықтандыру мақсатында 15 прожектор қойылса, биылғы жылы тағы да екі көшеге 18 прожектор қойылғалы отыр. Аудандық бюджеттен осы мақсатқа 800 мың теңге қаражат қаралған. Аталған жұмыс биылғы жылдың маусым айында басталады.
Ауылда қоғамдық тәртіп жоғары деңгейде. Келеңсіздіктерге жол бермеу мақсатында түнгі кезекшілікте, рейдтер және оқушылар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ішімдік ішкен, қоғамдық тәртіпті бұзған ауыл жастарының мәселесі округ ардагерлер кеңесінің жанындағы ақсақалдар алқасында қаралып, тиісті шаралар қолданылады. Атап айтқанда: былтырғы жылы ақсақалдар отырысында Бейсен Едігин мен Қаржаубай Қосановтың арасындағы түсініспеушілік және Бақытжан Каненов, Қуаныш Сейтмағанбетов, Төлен Есенғабыловтардың ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тезге тартылды. Ауылдық учаскелік инспектордың түнгі кезекшілік кезінде ішімдік ішіп, мас күйінде рөлге отырған Сәулет Көшеков 3 жылға машина жүргізу құқығынан айрылды.
Округте мәдениет саласы бойынша игілікті жұмыстар жүруде. Ауылдағы Жаңаауыл орта мектебінің педагогикалық ұжымы өнерпаз жастарды тәрбиелеуде ерекше еңбек сіңіріп келеді. Атап айтқанда: өткен жылғы «Қазақстан дауысы» тележобасының алғашқы жеңімпазы болған Шахаризат Сейдахметов осы мектептің түлегі. Өткен жылдың аяғында аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, термеші Айым Маратованың «Жырлашы қоңыр домбыра, бағымды менің жандыра» атты шығармашылық кеші өткізілді. Ауыл өнерпаздары жылма-жыл аудандық байқаулардың жеңімпазы болып отырады.
Ауыл халқының ынтымақ-бірлігі күшті. Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында алға қойған міндеттерді орындауға ұйымшылдықпен жұмылып отыр. Сол сияқты, ауыл халқы Қазақстан Ассамблеясы мүшелерінің Президент сайлауын мерзімінен бұрын биыл өткізу жөніндегі ұсынысты да бірауыздан қолдауда.
Жақында аудандық мәслихаттың кезекті ХІV сессиясында Үрпек ауылдық округінің жүргізіп келе жатқан үлгілі істері оң бағасын алып, озат тәжірибе ретінде аудандағы барлық ауылдық округтерге ұсынылды. Ауылдық округ әкімі Ғалымжан Жақыбаев іскер де елгезек азамат. Халықпен қоян-қолтық араласып, тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра біледі.
Тоқ етерін айтқанда: Үрпек–Аманкелді ауданындағы көркейіп, өркендеп келе жатқан іргелі ауыл. Торғай аймағындағы бетке ұстайтын құт мекен.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Суреттерді түсірген автор.