ҚОЛӨНЕР – құтты қазына
Қолөнер – халқымыздың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығы. Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке мирас болып тараған құтты қазынаның ешқашан маңыздылығын жоймайтыны анық.
Бүтінші
«Ел іші – өнер кеніші» деген. Ел ішінде он саусағынан өнер тамған айтулы шеберлер де аз емес. Көшелі кәсіпті нәсіп етіп, ауыл аймағына қадірлі болып жүрген жандардың бірі – Арқалық қаласына қарасты «Жалғызтал» ауылының тұрғыны С.Қабжанов.
Сапарбек ата бүгінде сексеннің сеңгіріне қадам басқан. Жас күнінде малшы болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденін омырауына тақты. Бірнеше медальдармен марапатталып, сыйлыққа жеңіл көлік мінді. Қаршадайынан еңбекке араласқан қария ағаштан ою ойып, темірден түйін түйеді. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды оюлап, зерлеп жасағанда жайнатып жібереді. Қоржын, шабадан, көрпе, жастық тігіп, жүген, ноқта, құйысқан, қамшы тәрізді ат әбзелдерін жасаумен машықтанған. Самаурын, шәйнек сияқты сынған ыдыс-аяқтарды қалпына келтіріп, зергерлігімен аты шыққан.
Алайда, шебер өзін қарапайым бүтіншімін деп санайды.
– Шешем ауылдың бүтіншісі болды. Әкем майданға кеткен. Ол кез заманның қиын шағы еді. Үйде анам екеуміз ғана қалдық. Шешем қолынан іс келетін шебер адам болды. Жоқ-жітік уақытта көннен балаларға етік тігіп беретін. Анамның қасына үйіріліп жүріп, қолөнердің қыр-сырын үйреніп алдым.
Жастарға айтарым, адамның істегенін адам істейді. Тек талаптану керек. Мысалы, мен оқыған оқуым болмаса да техниканы бір кісідей меңгеріп алдым. Өзімнің ынта-жігеріммен үйрендім. Ең бастысы көргеніңді көңілге тоқу, – дейді қарт шебер.
Сапарбек атаның жұбайы Айтжан екеуінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп келеді. Келіні Аида кәсіби тігінші болса да «Атамнан үйренерім көп» дейді.
«Берекенің» берекелі істері
Арқалықтағы «Береке» жеке кәсіпкерлігі кәдуілгі құс жастықтарды жуып, қайта жаңартып береді. Жалғыз жастық емес, көрпе-төсекті де жаңалайды. Қыз жасауы, бесік әбзелдері, кешкі сән киімдері, қалыңдық көйлектері, сырт киімдерді тігеді.
Кәсіпкер Р.Байгенжинова Шымкент, Қарағанды қалаларынан тігіншілік оқуын бітірген. Мамандығы сыртқы киімдер шебері. Кәсіптік оқу орнында ұстаз болып шәкірт те тәрбиеледі.
– Қазір балалардың киімдері өте қымбат. Бастауыш сыныпта оқитын егіз немереме куртка қарап базарға барсам, ең төменгі баға он мың теңге. Бұл ақшаға екі баланы киіндіруге болады. Балалардың мектеп формасы да қымбат. Тапсырыс берсе біз оны әлдеқайда төмен бағамен тігіп береміз, – дейді Раиса Бөртайқызы.
Ол өнерін жастарға үйретуден жалықпайды. Жас маман, ІІ топ мүгедегі Ә. Баяхметова тәлімгеріне дән риза.
«Нұр» тігін цехының
бұйымдары
бұйымдары
Қаладағы «Нұр» тігін цехының ашылғанына бір мүшелдей уақыт болған. Кәсіпкер К.Рағатова қайын сіңілісі мен қызы үшеуі отбасылық бизнесті дөңгелентіп отыр. Кәсіптері өздеріне ұнайды.
Күлайым апай отыз жылдан бері тігіншілікпен айналысады. Алматыдағы жеңіл өнеркәсіп техникумын бітірген. Тұрмыстық комбинатта тігінші, меңгеруші болды. Қолөнер құндылықтары анасынан дарыған. Бес жасынан бастап тігін машинасының құлағын бұрай бастапты.
Тігін цехы сырт киімдер, сәнді көйлектер тігеді. Киіз үй жабдықтарын, қыз жасауларын жасайды. Әсіресе, ұлттық киімдерге деген сұраныс мол екен. Жергілікті өнер ұжымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Дайын бұйымдарының бағалары да әрқалай. Кәделі сый қоржындардың құны 4 мың теңгеге дейін барады. Қамзол, шапандардың бағасы 20 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Табыс болған жерде талпыныс бар. Өткен жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, заманауи қондырғыларға қол жеткізген. Соның арқасында мүмкіншіліктері де арта түсіпті.
– Бұл Елбасымыздың бизнесті қолдауға, әсіресе жеке халыққа жасаған үлкен көмегі деп ойлаймын. Әріптестеріме оның өте пайдалы екенін айтқым келеді, – дейді кәсіпкер риясыз пейілмен.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.