Аппақ қарда жараланған командир…

Әкеміз өте қарапайым, соғыс ардагері, офицер болса да, сауатты болса да, жеңілдіктерді іздеп кеудесін қақпайтын. Бала-шағасын өте жақсы көретін.  "Он балам – он саусағымдай, біреуі жараланса әке жүрегі сыздайды!" – деген сөзі есімнен кетпейді. Қабду Сүлейменұлы өзінің әкесі қайтыс болғанда 10 жаста қалған. Ерте есейіп, анасына қамқор болған, жақсы оқып Қарашілік орта мектебін бітірген.
1942 жылы анамыз Нағима Әшімқызына үйленеді, арада бірнеше күннен кейін әкемізді әскер қатарына шақыртып, жалғыз анасы, жас әйелімен қоштасып майдан даласына жол тартады. Ол кездері бар болғаны 19 жаста екен. Әкеміз Солтүстік-Батыс майданында саперлар взводында соғысты. Оларға миналарды құру және залалсыздандыруды үйретті. Жау шабуылдарының алдында шахмат кестесіндей жобамен, түнде миналарды құрады, кейде миналарды қайта алып барлаушыларға жол ашады, түнде олар оралғасын миналарды қайта құру керек. Немістер жарқырататын ракета жіберіп, пулеметпен атқылайды. Талай жауынгер саперлар оралмады, жараланды.  Бір күні мина құру кезінде командир өзі де байқаусызда минаны басып қалады, гүрс етіп мина жарылып, ол жараланды, сақ тұрған Қабду Сүлейменұлы жарасын таңып, арқалап санбатқа жеткізіп, оны ажалдан құтқарды. "Бәріміз де ажал құшып жүргенде, ешкім де бұны ерлік деп есептемеуші едік", – деп айтушы еді әкем.
Қараңғы бір түнде шұғыл тапсырма келді, барлаушы десанттарды жау тылына жіберу үшін алғы шептегі миналарды залалсыздандыру керек. Бұл тапсырмада жерлесі Елемес Қошқарбаев екеуі бірге барады, берілген шағын шаршы метр жерді миналардан тазартып, барлаушылармен бірге аздап демалуға отырады. Бір кезде әкемнің көзіне  ұзын бойлы, зор денелі рациясы бар бір десантшы оттай басылады. Ер тұлғасы, даусы таныс секілді. Қараңғыда жақын келгенде өздерінің ауылдасы, жерлесі Қәмеш (фамилиясы есімде қалмапты) деген жігіт Елеместің әйелінің ағасы. "О, бауырларым, тірі екенсіңдер, қалдарың қалай! Сендерді көргенде бүкіл ауыл көшіп келгендей болды, біздер құпия тапсырмамен бара жатырмыз, тірі қалам ба, жоқ па, білмеймін, елге, туған жердің ағаштары мен құстарына дейін сәлем айтыңдар! Қош болыңдар, мені ұмытпаңдар!" – деп қоштасыпты, бұл оның ақырғы сөздері екен. Есіл ер қараңғыға сүңгіп кетеді. Сол жойқын жорықта Сарыкөлден шыққан барлаушы-десантшы ерлікпен қаза табады.
Әкемнің есінде қалған тағы бір қайғылы оқиға. Шаңқай түс кезі. Аспазшы қазаннан түскі асты ыдыстарға үлестіріп жатты, солдаттық ботқаның исі аңқып тұрды. Қабду Сүлейменұлы тостағанын тазартып отырып, кейінірек қалып қойды. Бір мезетте жаудың "Рама" деген ұшағы асхананы бомбы астына алды. Жарылыстан асхана да, қоршап тұрған солдаттар да отқа оранды. Бұғып қалған тостағанын құшақтап, әкеміз жерге жатып аман қалды. Ең қауіптісі, жаудың "Секіргіш минасы" болды. Немістер осы минаны қуыстарға, ағаштың бұтағына іледі, сәл тиіп кетсең, секіріп ауада жарылады, одан құтылу амалы жоқ.
Аппақ қарда жараланған командир
Қабду Сүлейменов пен Елемес Қошқарбаевқа кіші лейтенант атағы беріліп, атқыштар взводының командирі болып, қайтадан Солтүстік-Батыс майданы, Ленинград облысына жіберілді. Қандыкөйлек майдандас достар қатар соғысты. Әр қиын жағдайда бір-біріне көмектесті. Шабуылдарда екі взвод қатар жүріп, Ленинград, Новгород облыстарында талай ұрыстарға қатысты. Бір кескілескен шайқаста жан досы Елемес басынан қатты жараланып, контузия алып, елге оралды. Ал Қабду әкеміз болса өзінің взводымен әрі қарай Ленинград, Новгород тағы да басқа облыстарында талай елді мекендерді, қалаларды азат етті. Тірі қалған орманға тығылған, жертөледе жан сақтаған кісілер көзіне жас алып қарсы алған сәттері көп болды. Қабду Сүлейменовтың атқыштар взводында әр ұлттар: орыс қазақ, өзбек тағы да басқалар, бәрі де бірге туыстардай, ақырғы бір үзім нанмен, темекі-лерімен бөлісіп жауға қарсы тұрған. Жау шөбі көрініп, пушкалар мен минометтер атқылады, бірақ Сүлейменовтің взводы шегінбей тойтарыс беріп, жау шабуылын тоқтатты. Іле қарсы шабуылға шығатын сәт те туды. "Алға, Отан үшін!", – деп командир взводын шабуылға көтерді. Тұтқиылдан соққан шабуыл немістерді есеңгіретіп жіберді, аз шығынмен жау бекінісін басып алды. Немістер минометпен атқылады, жарылған минадан қолынан қатты жараланған командир өзі жарасын таңып шабуылды басқарып, жоғарыдағы бекінген топты жеңіп, берілгендерді тұтқынға алғанша өзінің жауынгерлерін тастаған жоқ. Тек қана жарасынан көп қан кетіп, қатты ауырғасын, арттан бақылап тұрған сәтте есінен танып, суық ақ қарға құлаған. Аязды суық күн екен, қаңсыраған командирге қызыл кресті бар санитарлық ит тез келіп, жанталасып шинелінен тісімен тартып, бетінен жалап тірілтіп алады! Ақылды санитарлық ит бір сәтте жанынан кетпей, дауыс шығарып санитарларды шақырады. Солай әкемді аман-сау санбатқа жеткізіп, әскери дә-рігерлерге тапсырып, ажалдан алып қалады.
"Демьян қазанындағы" жау қүшін талқандауға қатысып, өзінің атқыштар взводымен өте қажетті биіктікті алғандағы ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталды.
Соғыстан кейінгі жылдары алғашқыда мектепте әскери дайындықтан ұстаз болып істеді. Оқдәрі исі кетпеген майдангерді шәкірттері үнемі қоршап жүреді. Олар соғыс туралы, ерлік туралы көп сұрайды. Майдангер жас ұрпақты отансүйгіштікке баулап, тәрбиеледі. Кейіннен Сарыкөл ауданында комсомол ұйымында бірінші хатшы, мәдениет бөлімін басқарды. Қандай жұмыста болса да майдангер, халықтың сүйіктісі болып, әділ де адал атқарды. 1960 жылдары Торғай облысының тың жерлерін көтеруге, жаңа совхоздар ашуға көп мамандар шақырылды. Қабду Сүлейменов "Тасты" совхозына партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеді. Қал қадірінше көп еңбек етіп, тер төкті. Бұл азаматтар туралы белгілі жазушы Сәбит Досанов "Алтын күрек әні" кітабындағы "Торғай топырағы" деген әңгімесінде жақсы жазған. Жазушы ағамыздың қолтаңбасы да бар. Сәбит ағаның осы шағын кітабын әкемнің көзі деп сақтап жүрмін!
Хамит Сүлейменов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓