Кәсібіңді ашып, нәсібіңді көр!..
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында 2030 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін екі есе ұлғайту үшін үкіметке нақты жаңа міндеттер жүктеген. Соның негізінде Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен экономика министрлігі бірлесе отырып «Бизнестің жол картасы 2020 мемлекеттік бағдарламасын» дайындап, еліміздің барлық облыстарында кәсіпкерлерді қолдау қолданыстарын жетілдіру жұмыстарын бастап та кетті.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында әрі кәсіпкерлерді қолдау үшін бір терезеден қызмет ететін жүйе өңіріміздегі кәсіпкерлер палатасының Қостанай ауданындағы филиалында ашылып, оған облыс әкімі Нұралы Садуақасов мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев және аудан әкімі, басқарма басшылары қатысты.
– Қостанай ауданы өңіріміздегі экономикасы қарыштап дамыған бірден-бір аудан,- деді облыс басшысы Нұралы Садуақасов. – Бұл жерде дағдарысқа қарамай шағын және орта бизнестің түр-түрі ашылып, халықты жұмыспен қамтып, инфрақұрылым да соған сай ілгерілеуде. Жақында Ресей Федерациясының көршілес Челябинск қаласында болып, о жақтағы бірталай кәсіпорындарды аралап, алыс-беріс, барыс-келіс мақсатында көп жұмыс тындырдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге жүктеген міндеті тұрғысында енді міне, аудан орталығында бір терезе жүйесінде бөлімшесі тұсауын кесіп, бизнес бастайтын әрбір тұрғын үшін қолайлы жағдай туғызуда.
Содан соң Нұржан Бауыржанұлы да сөз сөйлеп, бұл орталықтың осы жердегі кәсіпкерлер үшін тиімді болатынын, бір кеңседе отырып кәсібін түлетем деушілерге құжаттар дайындау үшін әр жерге жүгіріп, табан тоздырмайтындығын жеткізді.
Расында да аталған ғимаратта барлық жағдай жасалған екен. Тіпті, болашағын кәсіп ашудан көретін әрбір жанға түсіндіру, кеңес беру һәм оқыту жұмыстары жүргізілетін көрінеді.
Бұл жайында су жаңа орталықтың директоры Айгүл Нұрсағитова:
– Кез келген кәсіпкер үшін ең бастысы, оған қолайлы жағдай туғызу. Міне, сол ниеттен біздің бөлімше әртараптандырылған қызмет жүйесін ашып отыр. Қандай да бір керек құжат үшін кәсіпкер халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, осы жерде-ақ аталған қағазын рәсімдеп, уақыт оздырмай тез арада жұмысын реттейді,- деп бізге шет-жағасын түсіндіріп берді.
Сондай-ақ, аудандағы архитектура және қала құрылысы бөлімі де осы ғимаратта орналасыпты. Олар да тұрғындар әрі кәсіпкерлер үшін барлық қызмет түрлерін көрсетеді.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.