Рудныйдың балығы
Қазақстанда жасалған. Бұл тамаша тіркесті қостанайлықтар балық өнімдеріне де қатысты айта алады. Кезінде облысқа атағы тараған рудныйлық балық зауыты бүгінде өнім көлемін арттыра түсті.
Жасыратыны жоқ, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау еліміздегі мыңдаған кәсіпорындардың жабылып, жұмыссыздықтың белең алуына әкеп соқтырды. Нарыққа төтеп бере алмай, банкротқа ұшыраған сол кәсіпорындардың санатында балықтың түр-түрін өңдеген рудныйлық зауыт та бар еді. Алайда, балық бизнесінің болашағы зор екендігін ескерген іскер азаматтар кәсіпорынды өз меншігіне өткізіп, оны қайта іске қосты. Өндірістің жандануына 40 миллион теңге инвестиция құйды. Осы орайда, технологиялық үрдіс, яғни, ыстауға арналған шкафтар, кептіру-қақтау камералары мен өнімді сұрыптау желісі сол қалпында қалып, ешқандай жаңғырту мен жаңа жабдықтар сатып алынған жоқ. Кәсіпорын басшылығы ешқандай химиялық қосындысыз өңделетін балық сапасының сыры осында екендігін айтады.
– Елу жылдық тарихы бар зауытта балықты өңдеу табиғи жолмен жүзеге асырылады. Аршу, тазалау жұмыстары қолдың күшімен жасалса, 12 сағаттық ыстау барысында пештегі жылу қатаң қадағаланады. Сонда ғана бабына келген балықтың дәмі тіл үйіреді, – дейді «Рудный балық» ЖШС директоры Айгүл Әлденова.
Балықтың түрі жетпіске жуықтағанымен, барлығының өңдеу әдісі бір. Тек көлеміне қарай кептірілу, тұздалу мерзімі ұзартылып отырады. Қырық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауыт айына 10 тонна өнім шығарады. Өнімге сұраныс жоғары. Жергілікті дүкен-дәмханалармен қатар, рудныйлық зауыттың өнімін облыстың өзге ауыл-қалаларынан да кездестіруге болады.
– Біз тұтынушыларымызды жоғалтып алмау үшін елімізде кездеспейтін теңіз балықтарын да өңдеуді қолға алып отырмыз. Бастысы өнім Қазақстанда жасалғандықтан тұрғындардың қызығушылығы басым. Олар сапалы өнімді сатып алу үшін зауыт жанындағы дүкенімізге де келіп жатады, – дейді Айгүл Кеңшілікбайқызы.
Зауыт өз қуатын үш есе арттыруға қауқарлы. Ол үшін шикізат базасы да, тұрақты тұтынушылар да бар. Кәсіпорын директорының айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» бағыты арқасында көршілес Ресеймен қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілген. Енді қажетті құжаттарды тапсырып, мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға иек артып отырмыз, – дейді ол.
Кеңес дәуірінде Қазақстан Балық министрлігі бар үш елдің қатарында болды. Яғни, еліміз балық өнімін берісі Еуропа, әрісі Америкаға экспорттап, қыруар қаржыға кенеліп отырды. Ол заман келмеске кетті. Алайда, Қазақстанда жасалған өнімдердің өз тұтынушыларымыздың тарапынан кең қолдауға ие болуы дамудың даңғыл жолына түскендігімізді аңғартса керек.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.
Суретті түсірген автор.