Шаруашылық басты назарда!

Арқалықтың жаңа әкімі Әмірхан Асанов қаланың тыныс-тіршілігімен танысу жұмыстарын бастады. Өңір басшысы ең алдымен ауылшаруашылық саласына назар аударып, ет өңдеу және мал шаруашылығы кешендерінде болды.
Биыл қалада 20 000 тонналық элеватор, сағатына 15 тонна мал азығын дайындауға қауқарлы кәсіп-орын мен сағатына 75 тонна ұн шығаратын диірмен құрылысын іске қосу жоспарланған.
Әкім «Алюминқұрылыс» ЖШС бас директоры А.Мұқановтың әңгімелеуімен осы жұмыстардың жүзеге асу жайына қанығып, «Торғай – Ет» ЖШС-нің ет өңдеу нысанын көріп, дайын өнімді өткізу, кәсіпорынды шикізатпен қамту, ауылшаруашылық кешенді толық іске қосылғаннан кейінгі ашылатын жұмыс орындары жайын талқылады. Мұнан соң «Арқалық-Айдар» ЖШС мал шаруашылығы кешеніне барып, бордақыда тұрған төрт түлікті көрді. Бордақылау алаңында ірі қара, жылқы, түйе, ұсақ мал түгел жемделуде.
Кешеннің көлемі 9 000 шаршы метрден асады деп жоспарланған. Бұл жерде құрылыс әлі толығымен біткен жоқ. Өткен жылы 500 басқа арналған қораның жұмысын толығымен бітіріп, мал кіргізген. Әрі қарай тағы осындай 500 басқа лайықталған жылы қораның құрылысы аяқталды. Сонымен бірге малды жаз мезігілінде сыртта ұстау үшін әрқайсының сыйымдылығы 250 басқа арналған 6 алаң дайындалса, биыл тағы осындай 6 алаңды салу жоспарланып отыр.
Бордақылау кешені 7 500 бас ірі қара ұстауға арналған болса, оның 2000 басы репродуктор мал, 500-і асыл тұқымды бұқа және 5 000 бас ірі қара кіргізілмек. Мал азығына қажетті екпе дақылдары серіктестіктің өзінде өсіріледі. Жоба толық іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, «Торғай Ет» ЖШС-ін жылына 3 000 тонна өніммен қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, мәселелерін білмек ниетте денсаулық сақтау, білім беру мекемелеріне барды. Западный кентіндегі № 8 мектептегі басты мәселе – білім ордасының төбесінен тамшы ағады. Оның 920 шаршы метрін ағымдағы жөндеуден өткізуге биылғы жылға 5 млн 816 мың теңге бөлінген екен. Ал, жылу жүйесінің жетпейтін жерлерін бүтіндеуге 5 миллионнан астам қаржы және басқа да ішкі жұмыстарына 14 млн теңге қарастырылыпты. Қала әкімі жөндеу жұмыстарын қайта қарау қажеттігін айтты. Яғни, мектептің жылуы терезе арқылы шығып кетеді. Сол себепті, алдымен ғимараттың терезелерін жаңарту керек, ішкі жұмыстар содан кейін жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, төбені ағымдағы жөндеуден өткізу де босқа шығын әкелетін іс. Оны шатырлау қажет. Осы айтылғандарды жүзеге асыру жолдары қарастырылатын болды. Одан бөлек, талапқа сай, жылу қазандығын мектептің сыртына орналастыру ісі де қолға алынады.
Родина жалпы білім беретін мектебіне биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала басшысы күрделі жөндеу аясында жасалатын жұмыстар жайын пысықтап, кей тұстарын қайта қарау қажеттігін айтты. Мұнан бөлек, Родина ауылдық отбасылық дәрігерлік амбулаториясына аялдап, әкімдікте болып, кітапханаға кіріп, жұмыс барысын көрді. Қостанай оңтүстік электр желісі, Б. Майлин атындағы № 3 мектеп, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Арқалық медицина колледжі, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжіне де арнайы барып, басшыларымен тілдесіп, ғимараттарын аралап, жасалып жатқан жұмыстарға қанығып, мәселелерін сұрады.
Әмірхан Біркенұлы барлық жерде ұжым өкілдері мен мекеме басшыларына вакцина алудың маңыздылығын айтып, екпе салуға тұрғындардың бір кісідей қатысуы маңызды екенін алға тартты.
Мұрат
 Жүнісұлы
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓