Жүлде қоры толықты
Қостанайдағы «Сұлтан» кәсіпқой спорт клубында бокстан КСРО спорт шебері Мұрат Бегежанов пен КСРО спорт шебері,кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем Кубогының иегері,ҚР кикбоксинг федерациясының вице-президенті Асылхан Бұсырмановты еске алуға арналған ел чемпионаты мәреге жетті.
Бәсі жоғары бұл турнирді облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен аты аталған клуб бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа Қазақстанның барлық облыстарынан келген 241 спортшы қатысты.
Облыстың аға жаттықтырушысы Аскер Макубаев шаршы алаңға Қостанай,Рудный,Лисаковск, Әулиекөл және Қарабалық аудандарының кикбоксшыларынан құралған облыс құрамасын бастап шықты. Ерлер және қыздар арасында өткен тартысты кездесулер фулл-контакт және лоу-кик тұжырымдары бойынша қорытындыланды.
Үш күнге созылған чемпионаттың жалпы командалық есептегі жүлдесін Оңтүстік Қазақстандықтар жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды Тараз қаласынан келген кикбоксшылар еншілесе, Шығыз Қазақстан облысының құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Алаң иелері-Қостанай облысының командасы бұл сында 2 алтын, 3 күміс және 7 қола медальді жеңіп алды. 48 келіде сынға түскен Марлен Ерденов пен 57 келіде шаршы алаңға шыққан Дмитрий Бурмистровтар алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілгенін айта кеткен жөн.
Ұйымдастыру комитетінің арнайы сыйлықтары- «Жеңіске деген жігері үшін» жүлдесін қостанайлық Тимур Әлімжанов алса, «Үздік техникасы үшән жүлдесі алматылық Александр Коврыгинге бұйырды. «Үздік рефери» жүлдесін жерлесміміз Азамат Сүйімбаев еншіледі. Ал «Үздік төреші» жұлдесі Тараздан келген Дінмұхаммед Мұсабековке табыс етілді.
Әлібек ЫБЫРАЙ