Ауыл шаруашылығы күні аталып өтті
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері төл мерекелерін атап өтті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен салтанатты шараға ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен ардагер дихандар, облыстағы аграрлық сала жұмысын ұйымдастырушы мамандар қатысты. Мерекелік шара облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовің құттықтау сөзімен ашылды.
«Биыл облыс бойынша 4,7 миллион гектар алқапқа дән сіңірілді. Оның ішінде дәнді дақылдар шамамен төрт 4 миллион гектарды, бидай – 3,3 миллион гектарды қамтиды. Егіс алқаптарын әртараптандыру арқылы майлы дақылдардың егістігі 510 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Білікті технология мен тынымсыз тер төгудің арқасында жоғары өнімге қол жеткізіп, табысты еңбек үлгісін көрсете білген озат шаруашылықтар аз емес. Олардың қатарында гектарына 20 центнер астық алған Сарыкөл ауданындағы «Елсан Агро» ЖШС, Меңдіқара ауданындағы «Қарасор Груп» ЖШС бар. Бір гектар алқаптан 25-26 центнер өнім алған сарыкөлдік «Өтемісов К.К.», ұзынкөлдік «Ризаева Т.Г.» шаруашылықтары да құрметке лайық», – деді Ғ. Нұрмұхамбетов.
Мерекелік жиын барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылық саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар шаруашылық басшылары мен ұйымдастырушыларды марапаттады. Денисовтік «Фрунзенское» ЖШС-нің директоры Николай Шерер, алтынсариндік «Агрокотрейд» ЖШС-нің басшысы Тәліб Санақұлов, әулиекөлдік «СанАгро» серіктестігінің басшысы Асылбек Құрбанов, Дәмді ауылдық округінің әкімі Сағындық Оразбаевтар омырауына «Ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісін қадаса, «Олжа Агро» ЖШС бас директорының орынбасары Асан Ходжаназаров (Қостанай қ.), «Трояна» ЖШС-нің директоры Юрий Малышко (Федоров ауданы), «Есментаев С.Б.» шаруашылығының директоры Сағындық Есментаев (Қостанай ауданы), «Майлин атындағы» ЖШС директоры Владимир Бушкин сияқты білікті басшылар «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Мұның сыртында он шақты дихан ҚР Ауыл шаруашылығы минстрінің Құрмет грамотасына ие болды. Марапаттау рәсімінен кейін облыс әкімі көпшілікке құттықтау сөз арнады.
– Біздің тауар өндірушілеріміз биылғы қатты қуаңшылыққа қарамастан, отанымыздың қамбасына 3 млн тоннадан артық астық құйды. Бұл көп жылғы тәжірибе мен біліктің, қуатты әрі ақылды техниканың, сондай-ақ аграрлық салаға жасалып жатқан мемлекет қолдауының арқасында қол жеткізген ортақ табысымыз. Биыл астықтың көлемі облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де, сыртқы нарыққа саудалау үшін де жеткілікті. Диқанның, малшының ауыр да тынымсыз еңбегі қашанда ыстық ықыласқа толы үлкен құрметке лайық. Сіздерге ерен еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін! Қажырлы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! – деген аймақ басшысы сахнадан түсіп, көпшілік арасында отырған еңбек ардагерлерінің қолын алып, әр қайсын жеке құттықтап, ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Нұрқанат Құлабаев,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев