Күміс қоңырау сыңғыры
Жыл он екі айдың мамыр айы – сондай ерекше әрі көркем, әрі сұлу. Айналаңдағы тал-теректер де, гүлдер де құлпырып жайнап, көңіліңді әсем күйге бөлегендей. Қарап отырсаңыз, барлық салтанатты мерекелер құдды бір осы айға жиналғандай. Соның бірі – жоғары сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау салтанаты.
Міне, сондай салтанатты кештің бірі Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы гимназияда болып өтті. Осы соңғы қоңырау сал-танатына облыс әкімі Н.Садуақасов қатысты. Жиналған педагогтардың, мектеп бітіруші түлектердің жүздері қуанышты, құшақтары гүлге толған. Бірі – он бір жыл бойы ыстығы мен суығына тоңып, түлеп ұшар түлектерінің бойларына білім нәрін сіңірген болса, екіншілері – мектеп қабырғасына тарыдай кіріп, таудай болып шыққандар. Сол секілді салтанатты кешке келген ата-аналардың да, қонақтардың да жүздері жарқын. Бәрі де әсем. Биыл облысымызда 11 сыныпты төрт жарым мыңға жуық түлек бітіреді. 117 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Аз ба? Көп пе?
– Соңғы қоңырау – бұл, әрине, оқу жылының аяқталғанының белгісі емес, қайта өмірдің жаңа бастауы секілді. Білім алу өмір бойы жалғасары сөзсіз. Бүгінде білімділер бәсекеге кабілетті болуға тиіс, өмір талабы сол. Айналаңызға жіті қарасаңыз, қазір өмір дегеніңіз өте қызықты әрі саналуан. Сондықтан да мектеп – бұл үлкен өмірге жетелейтін қадам, – деді өз сөзінде облыс әкімі Н. Садуақасов.
Сонымен қатар облыс әкімі жиналғандарды құттықтай келе, үстіміздегі жылы өңіріміз-де Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылатындығын, қашанда облыс педагогтары өздерінің білімдерімен, біліктілігімен республика бойынша алдыңғы қатарда болып отырғандығын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. Содан кейін гимназия директоры И. Шушпанова, ата-аналар атынан Б.Өтегенова сөз сөй-леп, мектеп бітіруші түлектерді, мұғалімдерді, ата-аналарды құттықтады, рахметтерін айтты. Ортаға бірінші сынып оқушылары шығып, өздерінің арнау құттықтауларын оқыды, ал, мектеп түлектері болса дөңгелете мектеп вальсін биледі. Әдеттегідей салтанаттың соңғы қоңырау кешінің белгісі – соңғы рет соғылар қоңырауды бұл жолы бір топ мектеп үздіктері соқты.
Гүлназым
САҒИТОВА
Суретте: соңғы қоңырау салтанатынан көрініс.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.