Салаға ден қойылып, дем берілуде
Мемлекет басшысының Жолдауы елдің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат деп білеміз. Сондықтан оны ерекше жаңалықтай күтетініміз жасырын емес. Биыл да ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына назар тіктік. Өз басым 30 жылдық тәжірибесі бар мұғалім ретінде білім саласына қатысты айтқан төрелігіне зейін қойдым. Өйткені, әлемді жайлаған коронавирус індеті салдарынан оқу үрдісінің арнасы өзгеріп, бұрын-соңды болмаған жағдайда, яғни оқушыларға қашықтан білім бергелі отырмыз. Оның жөн-жосығы мен тәртіп-талаптарын бекітуге тапсырма жүктеуі – мемлекет басшысының жаңа мазмұнда сабақ өткізудің түйткілді тұстарын бақылауында ұстап отырғанына дәлел.
Шындығын айту керек, мұғалімдер биліктің қолдауын соңғы жылдары ерекше сезінгендей. Еңбекақы едәуір өсіп, жалпы қоғамдағы мәртебемізге көңіл бөліне бастады. Президент айлығымызды алдағы жылы тағы 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдап отыр. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтуды міндеттеді. Қарапайым мектептерге демеу беруді күшейту керек екенін айтты. Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі салаға мықтап ден қойылғанын айғақтайды. Расымен де, білім-ғылым басты орынға қойылғанда ғана озат елдермен үзеңгі қағыстыру мүмкін болатынын мойындайтын кез жетті. Ендеше, мемлекет басшысы міндеттеп отырған тапсырмалардың ойдағыдай орындалуына әрқайсымыз жауаптымыз. Жарқын келешектің негізі елге деген адал қызметпен қалануы тиіс!
Балғынбек Құрмашұлы,
Озерный орта мектебінің тәжірибелі мұғалімі